Қонақсыз қаламын деп қорыққан жігіттің тойына бір жазбадан соң мыңдаған адам жиналды
Қытайдың Юньнань провинциясында ерекше үйлену тойы өтті. Туысы аз жігіт өміріндегі ең маңызды күнді жалғыз өткізгісі келмей, әлеуметтік желі арқылы бейтаныс адамдарды тойына шақырған. Ол небәрі 10-20 адам келеді деп үміттенген. Алайда елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келген. Кейбірі сыйлық әкелсе, енді бірі тойды тегін өткізуге көмектескен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі RG басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қытайлық БАҚ-тың жазуынша, 24 жастағы Сюй Чэнхун Юньнань провинциясындағы Илян уезінде дүниеге келген. Ол бала кезінен қиындықты көп көріп өскен. Жігіт үш жасқа толғанда әкесі қайтыс болған. Біраз уақыттан кейін анасы басқа адамға тұрмысқа шығып, ал жеті жасында әжесінен айырылған. Сюй ағасымен бірге туыстарының қолдауымен ержеткен. Оқуын ерте тастап, жұмыс істеуге мәжбүр болған.
10-20 адам келеді деп ойлаған...
Соған қарамастан, ол өз өмірін ретке келтіріп, сүйген қызын кездестірген. Екеуі үш жыл кездескен. Жігіт үйлену тойына деп шамамен 160 мың юань, яғни 22 мың доллар (10 миллион теңгеге жуық) жинаған. Бірақ тойға қонақ шақыратын кезде жанында қуанышқа ортақтасатын жақын адамдары тым аз екенін білген.
Сосын Сюй өзгеше қадамға барған. 25 қазанда Қытайдың Douyin әлеуметтік желісіне өзі туралы айтып, үйлену тойына бейтаныс адамдарды шақырған. Ол қуанышты күніне кем дегенде 10-20 адам келеді деп ойлаған.
Алайда оның желіге жүктеген видеосы бүкіл Қытайға тараған. Бірнеше күннен кейін той үшін шағын ауылға елдің әр аймағынан адамдар келе бастаған. Алғашында ондаған адам жиналса, кейін олардың саны жүздеп, одан мыңға артқан. Қытайлық БАҚ мәліметінше, той күндері қонақтардың саны бірнеше мыңға жеткен. Кей деректерде бұл көрсеткіш 20 мың адамға дейін барғаны айтылады.
9 999 раушан гүлімен безендірілген Maybach әкелген
Қонақтардың көбі жас жұбайларға құр қол келмеген. Бірі тоңазытқыш, жылытқыш, жиһаз бен тұрмыстық техника сыйласа, енді бірі той дастарханына азық-түлік әкелген. Сычуань провинциясынан келген фермер жас жұбайларға құны шамамен 20 мың юань болатын екі өгіз тарту еткен.
Сыйлықтардың арасында ерекше көзге түскендері де болды. Қытайлық БАҚ мәліметінше, қонақтардың бірі үйлену кортежіне арнап, 9 999 раушан гүлімен безендірілген сәнді Maybach көлігін әкелген. Тағы бірнеше адам тойға қосымша көліктер ұсынған. Оған қоса бірнеше қабаттан тұратын алып торт әзірленген. Кей басылымдар оның он қабатты болғанын жазды.
Тойға дайындыққа көптеген ерікті атсалысқан. Деректерге сүйенсек, жүзден астам аспаз өз еркімен келген. Ас әзірлеуге қатысқандардың жалпы саны 200-300 адамға дейін жеткен. Қонақтарға арнап 50-ге жуық ошақ орнатылып, бір күнде шамамен екі тонна тауық еті дайындалған.
Қонақтардың көптігі соншалық, тойды өткізуге жергілікті билік те көмектескен. Адамдарды кеңірек жерге орналастырып, ас әзірлеу жұмыстарын ұйымдастыру үшін үлкен алаңға көшірген.
31 қазанда көптен күткен той өткен. Оған дейін бір-бірін танымайтын мыңдаған адам жас жұбайларды құттықтау үшін жүздеген шақырым жол жүріп келген.
Айта кетейік, Сюй әлеуметтік желі арқылы шақырған қонақтарынан ешқандай сыйлық күтпеген. Ол “өмірімдегі ең маңызды сәтті жақын жандармен қарсы алғым келді” дейді.
Жас жұбайдың оқиғасы Қытайдың мемлекеттік “Синьхуа” агенттігін қоса алғанда, бірқатар ірі ақпарат құралында жарияланды.
Айта кетейік, бұған дейін