Павлодарда СЭС басшысына қатысты тергеу басталды

Павлодар қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысына қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Facebook желісіндегі жазбада Павлодар қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы 400 мың теңге пара алды деген күдікке ілінгені айтылған. Ақшаны оған кәсіпкерлердің бірі берген деген болжам бар.
"Павлодар қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 15 жылдан аса басқарған Александр Сафяников ұсталды. Ол кәсіпкерден 400 мың теңге пара алды деген күдікке ілікті. Дерекке қарағанда СЭС басшысы құқық қорғау органдарымен “процессуалдық келісім” жасаған. Александр Борисовичтің ұзақ жыл бойы мемлекеттік мекемеде отырып ротацияға қалайша ілікпегені маған беймәлім", – деп жазды жазба авторы.
Сонымен қатар желідегі жазба авторы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ғимаратын сынға алған.
Ол осы уақытқа дейін бірнеше рет жағдайға қатысты ескерту жасағанын алға тартты.
"Ал, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының ғимараты “ит байласа тұрғысыз” жағдайда. 1959 жылдан бірде-бір рет күрделі жөнделмеген. Бұны бүкіл қала халқы біледі. Шаһар тазалығын қадағалайтын мекеме ғимаратына көгершіндер ұя салып, атжалман, тышқан қаптап кеткені жайлы жазған болатынмын. Бірақ облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Батырбек Әлиев әріптесіне “ескерту” берумен шектелген болатын. Арты не болды? Енді сыбайлас жемқорлық бабы бойынша істі болған қаланың бас санитарлық дәрігерінің әрекеті үшін Әлиевтің өзі де креслосынан айрылуы мүмкін", – делінген жазбада.
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті сіздің сауалыңызды қарап, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деп жауап берді ҰҚК.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда жекеменшік клиникалардың біріне қатысты тергеу басталған еді. Себебі медициналық мекеме Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы мемлекет қаржысын негізсіз алған болуы мүмкін.
