Марқұмдарға қызмет көрсетіп, ерлерді гинекологқа жіберген: Павлодарда жекеменшік клиникаға қатысты тергеу басталды
Павлодарда жекеменшік клиникалардың біріне қатысты тергеу басталды. Себебі медициналық мекеме Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы мемлекет қаржысын негізсіз алған болуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу дерегінше, клиника екі жыл бойы медициналық қызмет көрсетілмесе де, оны есепке енгізіп, мемлекеттен ақы алып отырған. Тіпті марқұмдарға да медициналық көмек көрсетілгені жазылған. Алдын ала есеп бойынша, бюджетке келген шығын 15 миллион теңгеден асады.

Қазір тергеу органдары клиника басшылығы мен дәрігерлердің бұл іске қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Әзірге ресми түрде күдіктілер анықталған жоқ. Алайда тексеріліп жатқан азаматтардың тізімі аз емес.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, медициналық ұйым мемлекеттік кепілдік берген көмек аясында көрсетілген қызметтер туралы жалған мәлімет енгізген.
"Бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік азаматтарды тіркеу арқылы мемлекет кепілдік берген медициналық көмектің ақысын алумен айналысқан. Мәселен, қайтыс болған адамдар медициналық қызмет алды деп көрсетілген жағдайлар бар. Сонымен қатар ер адамдарға гинеколог қызмет көрсеткені, емханаға тіркелмеген азаматтарға да медициналық көмек көрсетілді деп есепке енгізілгені анықталды. Демек азамат белгілі бір емханаға тіркелмесе де, оған медициналық қызмет көрсетілді деп рәсімделген", – деді ол.
Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр екен.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда 140 мыңға жуық азамат медициналық ұйымдарға өз келісімінсіз тіркеліп, олардың атына көрсетілмеген медициналық қызметтер рәсімделгені туралы жазған едік. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, соның салдарынан әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 3,5 миллиард теңгеден астам шығын келген.