"Бізге оқ атты, ит қосып қуды": Ондаған жыл бойы оқшау өмір сүрген тайпа мүшелерінің орманнан шығуына не себеп болды
Бразилияның Мараньян штатында сырт жұртпен араласпай өмір сүретін ава халқының жиырма шақты өкілі көрші ауылға келіп, азық сұрады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл топтың ауылға келуі ондаған жылда алғаш рет тіркеліп отыр. Олар мұны ава мекендейтін орманның тарылып, аң аулайтын жерлердің азаюымен байланыстырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
16 қарашада ава халқының жиырма шақты өкілі Мараньян штатындағы Тавари ауылына келді. Бұл ауылда гуажажара халқы тұрады. Жергілікті тұрғындар кездесуді ұялы телефонға түсіріп алған. Кадрларда садақ ұстаған аңшылар мен баласын көтерген әйелдер көрінеді.
Ава тобы ауыл тұрғындарынан азық сұрады. Гуажажара халқы оларға ямс, яғни тағамға пайдаланылатын түйнекті өсімдік берді. Содан кейін келгендер орманға қайта оралды.
Байырғы халықтардың құқығын қорғайтын Survival International ұйымы бұл кездесуді сирек оқиға деп бағалады. Ұйым өкілдерінің пікірінше, ава тобының азық сұрап келуі олардың орманда күн көруі қиындағанын аңғартуы мүмкін.

Ава халқы неге орманның түкпіріне шегінді?
Ава халқы Мараньянның тропиктік ормандарын ежелден мекендеп келеді. XVIII ғасырдың соңында португал отаршылары бұл өңірдегі орманды кесіп, жаңа жерлерді игере бастаған. Шағын қоныстарда тұрған ава қауымдары XIX ғасырдың басынан бастап көшпелі тіршілікке қайта ауысып, орманның ішкері бөлігіне шегінген.

XX ғасырдың ортасында олардың жері арқылы тасжол салынған соң, өңірге фермерлер, аңшылар мен ағаш кесушілер көбірек келе бастады. 1960-жылдары жер дауы мен қақтығыстар жиілеп, ава қауымдары орманның одан әрі түкпіріне қоныс аударуға мәжбүр болды.
1967 жылы көршілес Пара штатында ірі темір кені орны ашылды. 1970-жылдары кен тасымалдауға арналған теміржолдың құрылысы ава мекендейтін аумақ арқылы жүргізілді. 1985 жылы теміржол іске қосылғаннан кейін бұл жерлерге сырттан келушілер көбейді.
“Бізге оқ атты, ит қосып қуды”
Жер дауының адам шығынына әкеп соққан оқиғаларының бірі 1978 жылы болған. Қарулы адамдар ава қауымының қонысына шабуыл жасап, бірнеше адамды өлтірген. Тірі қалғандардың бірі Карапиру арқасынан жараланса да, орманға қашып үлгерген. Шабуылда әйелі мен жақындарынан айырылған ол отбасының өзге мүшелері де қаза тапты деп ойлаған.
Карапиру он жылдай орманда жалғыз жүрген. 1980-жылдардың соңында оны шағын елдімекеннің маңынан көрген. Кейін шабуылдан аман қалған ұлын тауып, екеуін кездестірген. Карапиру өмірінің қалған бөлігін туыстарының арасында өткізіп, 2021 жылы COVID-19-дан қайтыс болды.
“Қоршауларынан өтіп жүргенімізге ашуланатын. Бізге оқ атты, ит қосып қуды”, – деген Карапиру 2017 жылы National Geographic басылымына берген сұхбатында.

Lenta.ru дерегіне сүйенсек, 1978 жылғы шабуыл тергелмеген. Кейін шабуыл жасаған адамдарды жергілікті фермер жалдаған болуы мүмкін деген мәлімет тараған. Басылым бұдан бөлек, 1979 жылы улы зат араласқан ұннан ава қауымының жеті адамы қаза тапқанын жазады.
Ал 2011 жылы гуажажара қауымының жетекшісі Луис Карлос Гуажажара өз қауымының мүшелері ава халқынан шыққан сегіз жасар қыздың өлтірілгеніне куә болғанын мәлімдеген. Билік бұл оқиға бойынша тергеу бастағанымен, кінәлілер анықталмаған.
Қорғалатын жерге ағаш кесушілер әлі де кіріп жүр
1982 жылы Дүниежүзілік банк Бразилияға Мараньян мен Пара штаттарындағы тау-кен инфрақұрылымын дамыту үшін 1 миллиард доллар несие берген. Несие шарттарының бірі байырғы халықтар мекендейтін жерлердің шекарасын белгілеп, оларды қорғау еді. Ава аумағының шекарасы 2003 жылы бекітілді.
Соған қарамастан, құқық қорғаушылардың дерегінше, ава халқына бекітілген аумақтың шамамен 30 пайызына сырттан келгендер заңсыз кіріп, жерді иемденген. Билік заңсыз ағаш кесушілерді шығару үшін рейдтер өткізіп келеді. Алайда құқық қорғаушылар тазартылған аумақтарға кейін басқа топтардың қайта кіретінін айтады.

Азық сұрап келуі нені аңғартады?
Қазіргі бағалаулар бойынша, ава халқының саны шамамен 500 адам. Олардың жүзге жуығы сырт жұртпен байланыс орнатпай, орманда өмір сүреді. 1970-жылдары ава қауымдарын арнайы қоныстарға көшіру басталғанда, сырттан жұққан аурулардан көп адам көз жұмған. Сондықтан қазір оқшау өмір сүріп жатқан топтармен байланыс орнатудың өзі олардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.
Survival International ұйымы Тавари ауылына келген топқа азық табу қиындаған болуы ықтимал деп пайымдады. Орман кесілген сайын аң аулайтын жер азаяды. Құқық қорғаушылар заңсыз аңшылықтың да ава қауымдары қорек ететін жануарлар санын кемітіп жатқанын айтады. Алайда топтың ауылға келуіне нақты не түрткі болғаны әзірге белгісіз.

Бразилия билігі оқиға туралы хабар алғанын және кездесудің видеосын қарап жатқанын мәлімдеді. Ава қауымын қорғау үшін қандай қосымша шара қабылданатыны әзірге жарияланған жоқ.