Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді электронды жүйе арқылы қорғайтын жоба іске қосылады
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды қорғау үшін электронды бақылау жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл бастамаға қатысты депутаттық сауалға жауап беріп, пилоттық жоба сыналатын өңірлерді атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еске салайық, 21 қазанда Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова заң талаптары күшейтілгеніне қарамастан, Қазақстанда әйелдер мен балаларға қатысты қайғылы оқиғалар әлі де болып жатқанын айтқан еді. Осыған байланысты ол елдің жекелеген өңірлерінде "Электронды қорғаныс аймағы" жобасын әзірлеп, сынақтан өткізуді ұсынды.
Депутаттар Франция тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл елде жәбірленушіге жақындауға тыйым салатын электронды білезік қолданылады. Жүйе жәбірленуші мен агрессордың қай жерде жүргенін қатар бақылап, олардың арасындағы белгіленген қашықтық бұзылған жағдайда дабыл белгісін автоматты түрде жібереді. Мұндай жағдайда жәбірленушінің полицияға өзі хабарласуының қажеті жоқ.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, Қазақстанда электронды бақылау құралдарын қолдануға қажетті техникалық мүмкіндік қазірдің өзінде бар. Қазір GPS және GSM модульдерімен жабдықталған 2 851 электронды бақылау құрылғысы пайдаланылып жатыр.
Министрдің жауабында бұл құрылғылар бақылаудағы адамның орналасқан жерін анықтап, координаттарын 2G, 3G және 4G ұялы байланыс желілері арқылы жіберетіні айтылған. Ал мониторинг платформасындағы деректер екі минуттан кешіктірілмей жаңартылып отырады.
Жобаны тәжірибе жүзінде сынақтан өткізу үшін алты өңір таңдалған. Олар – Шымкент қаласы, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстары және Жетісу облысы.
Пилоттық жоба аясында қауіпсіз қашықтықтың сақталуын бақылау тетігі пысықталады. Атап айтқанда, жүйе агрессордың жәбірленушіге 20 метрге дейін жақындағанын анықтауы тиіс.

Қауіпсіз қашықтық бұзылған жағдайда бірнеше шара автоматты түрде іске қосылады. Алдымен жүйе дабыл белгісін тіркеп, оны полицияның жедел басқару орталығына жібереді. Одан кейін оқиға орнына ең жақын полиция жасағы бағытталады. Құқық қорғау органдары жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған қатысты белгіленген шектеулердің сақталуын тексереді. Қабылданған шаралардың барлығы цифрлық жүйеде тіркеледі.
Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша Ішкі істер министрлігі полицияның оқиғаға қаншалықты жылдам әрекет ететінін, қанша заңбұзушылық анықталғанын және қандай шаралар қабылданғанын бағаламақ. Сондай-ақ жоба аясында жәбірленушілерге қатысты қайталанған зорлық-зомбылық деректеріне де талдау жасалады.
Бұдан бөлек, зардап шеккен адамдарға арналған арнайы мобильді қосымшаны пайдалану мәселесі қарастырылып жатыр. Министрлік қосымшаны адамның келісімімен қолдануды және оның жеке деректері мен геолокация туралы мәліметтерінің қорғалуын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.