Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас прокуратура екі тарап татуласқан соң тоқтатылған тұрмыстық зорлық-зомбылық ісін қайта қарайтын болды

сот

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Бас прокуратура әйеліне екі рет күш көрсеткен ер адамға қатысты сот шешімін қайта қарайтын болды. Азамат екі жағдайда да жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ер адам әйелінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Жәбірленушімен татуласқаннан кейін ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Алайда көп ұзамай әйеліне қайтадан күш көрсеткен. Бұл жолы да іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылған.

Прокуратура мұндай шешіммен келіспеді. Кассациялық наразылық бойынша сот актісінің күші жойылып, ер адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін іс қайта қарауға жіберілді.

Бас прокуратура мәліметінше, бұл жалғыз жағдай емес. Ведомство татуласу негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылған адамдарға қатысты тағы үш сот шешіміне наразылық білдірді.

Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 68-бабына (Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату) сәйкес, адам бұрын осы негізде қылмыстық жауаптан босатылған болса, ескіру мерзімі ішінде қасақана қылмыс жасаған жағдайда оны қайтадан татуласу арқылы жауапкершіліктен босатуға болмайды. Оған қоса Қылмыстық кодекстің 108-1 ( Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру) және 109-1-баптарында (Ұрып-соғу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты да арнайы шектеу бар. Демек мұндай жағдайларда татуласу негізін қайталап қолдануға заңда жол берілмейді.

Бас прокуратура 2024 жылы ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін жауапкершілік күшейтілгенін еске салды. Аталған әрекеттер қылмыстық-құқықтық салаға ауыстырылған.

Ведомство тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтардың құқығын қорғау және заң талаптарының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыратынын айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында күйеуі ұрып-соғып, қолын сындырғаннан кейін өзіне қол салған 29 жастағы марқұм келіншектің анасы редакциямызға видеоүндеу жасап, халықтан көмек сұрағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 22 Тамыз, 2026 15:25