Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуі ұрып-соғып, қолын сындырған": Алматы облысында екі баланың анасы өзіне қол жұмсады

скриндер
Фото: instagram.com/nemolchikz_official

Алматы облысында екі баланың анасы өзіне қол салды деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әйелдің өлімі туралы “НемолчиKZ” қоры хабарлады. Қорға марқұм әйелдің туыстары көмек сұрап жүгінген. 

“23 шілдеде күйеуі оны ұрып, қолын сындырған. 26 шілдеде ол өз-өзіне қол жұмсаған – әзірге ресми нұсқа осы. Іс Қылмыстық кодекстің 105-бабы "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша жүргізіліп жатыр”, – деп жазылған желідегі жазбада. 

Қордың мәліметінше, әйелдің артында екі жасар егіз балалары қалған. 

“26 шілде күні күні сіңлім өзіне қол жұмсады. 23 шілде күні күйеуі екеуінің арасында жанжал шығып, күйеуі оны қрып-соғып, қолын сындырған. Ұялып әрі ата-анамызды аяп, ол маған ештеңе айтқан жоқ. Өзіне қол салардан 1 сағат бұрын сіңлім маған осының бәрін айтып берді, егіз балаларын басқа бауырымызға қалдырып, артынша өзіне қол жұмсады”, – деп жазылған марқұмның туысының хатында. 

Марқұмның туыстары әділ әрі жан-жақты тергеуді талап етуде. 

Алматы облысының полиция департаменті жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Іс бойынша қажетті сараптамалық зерттеулер тағайындалды", – делінген полиция хабарламасында.

Полиция барлық тараптың уәждері тексерілетінін, содан кейін тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын хабарлады. Тергеу мүддесіне байланысты қалған ақпарат сәйкес жария етілмейтіні атап өтілді.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысы Меркі ауданында 19 жастағы Мадина Рашидқызы қаза болғаны туралы жазған едік. Әйелдің өліміне қатысты “өзін-өзі өлтіруге итермелеу” бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала мәлімет бойынша Мадина отбасындағы жанжалдардан кейін өзіне қол жұмсаған.

Мадинаның құрбысы қыздың отбасындағы жанжалдар туралы айтып, күйеуінен таяқ жегенін мәлімдеді. Құрбысы оның денесіндегі көгерген жерлерді көргенін және жарақаттарының фотосуреттерін алғанын айтқан. Жақындарының сөзінше, соңғы жанжал балаға алынған тәттіге байланысты болған.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 22:31