Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Телефон үшін ұрып, қолын сындырған": Алматы облысында өзіне қол салған келіншектің анасы үндеу жасады (видео)

Марқұм мен анасы
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысында күйеуі ұрып-соғып, қолын сындырғаннан кейін өзіне қол салған 29 жастағы марқұм келіншектің анасы редакциямызға видеоүндеу жасап, халықтан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Марқұмның анасының айтуынша, қызының көз жұмғанын құдасы естірткен. 

“Мен бұл хабарды 26 шілде күні сағат 10 мен 11:00-дің арасында үлкен қызымнан естідім: “мамау, Гүлмираның қолын сындырып тастапты” деді. Осыдан кейін мен бірден қызымды көру үшін жолға шықтым, шыдап отыра алмадым. Қай уақыт екені есімде жоқ, таксидің ішінде отырғанда қайын атасы қоңырау шалып “Гүлмирадан айырылып қалдық” деді”, – дейді марқұмның анасы. 

Әйел қызының көз жұмғанына тек моргқа барып, денесін көргенде ғана сенгенін айтады. Қара жамылған ананың айтуынша, қызының денесі көкпеңбек болып көгеріп кеткен көрінеді.

Сонымен қатар әйел оқиғаға не себеп болғанын әлі біле алмай жүргенін айтады. Әйелдің айтуынша, отбасыдағы жанжалға телефонның сынуы себеп болуы мүмкін.

“Не болғанын, себебін әлі білмей жатырмыз. Телефон үшін болған дейді. Телефон сындырған, сол үшін күйеубала аямай ұрған секілді. Бірақ күйеубала ештеңе айтпай отыр. “Мен кінәлі емеспін” дегеннен басқа ештеңе айтпайды”, – дейді әйел.

Марқұм келіншектің анасы әділ тергеуді талап етіп, халықтан көмек сұрады. 

“Мен әлі есімді жия алмай жүрмін. Менің сіздерден бір-ақ өтінішім бар, өтініп сұраймын. Күйеу баламның әділ жазасын алғанын қалаймын. Күйеубала өзі мойындап отырған жоқ. Менің қызымның артында кішкентай екі балапаны қалды. Сіздерден өтініп сұраймын, күйеу баланың әділ жазасы берілсін”, – деп қайталады ашынған ана. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында екі баланың анасы өзіне қол жұмсағаны туралы жазған едік. 

Алматы облысының полиция департаменті жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 19 Тамыз, 2026 22:33