Депутат әйелдерді зорлық-зомбылықтан Еуропадағыдай қорғауды ұсынды
Депутат Айжан Аймағанова елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары әлі де тыйылмай тұрғанын жеткізді. Осыған орай ол қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қауіпті ертерек анықтап, полицияның дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік беретін электрондық бақылау жүйесін енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аймағанова соңғы бірнеше айдың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиғаны мысалға алды.
“Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды шаралар қабылданды. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де жалғасуда. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан қаза тапты. 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтірді. Осы орайда қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды”, – деді ол.
Депутат елімізде қауіптің алдын алатын құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бар екенін алға тартты.
“Мұндай тәжірибе шет мемлекеттерде, соның ішінде Францияда қолданылады. Бұл үшін жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері қазірдің өзінде бар. "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, оның алдын алуымыз керек”, – деп қосты ол.

Осыған орай депутат мына ұсыныстарға тоқталды:
- Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде "Электрондық қорғаныс аймағы" пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу тиіс.
- Қауіп туралы сигнал түскен кезде полицияның нақты не істеуі керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет.
- Әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуға қажет. Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда сексуалдық зорлық-зомбылық істерін енді әйел тергеушілер қарайтынын хабарлаған едік. Бұл жаңашылдық жәбірленушілердің қосымша психологиялық күйзеліске ұшырауын азайтуға және тергеу органдарына деген сенімді арттыруға бағытталған.
"Алты рет тапсырдым": Алматылық студент IELTS-тан ең жоғары 9.0 баллды қалай алғанын айтып берді