Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сексуалдық зорлық-зомбылық істерін енді әйел тергеушілер қарайды

тергеуші әйелдер
Фото: Ішкі істер министрлігі

Қазақстанда сексуалдық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істерді енді негізінен әйел тергеушілер жүргізетін болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәжіліс кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қазақстанда сексуалдық зорлық-зомбылық істерін әйел тергеушілер қарайтынын мәлімдеді.

Оның айтуынша, жаңашылдық жәбірленушілердің қосымша психологиялық күйзеліске ұшырауын азайтуға және тергеу органдарына деген сенімді арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар ішкі істер министрлігінде Қылмыстық кодекске енгізілген неке қиюға мәжбүрлеу туралы жаңа баптың қалай қолданылатыны түсіндірілді. Санжар Әділовтің сөзінше, мұндай істерде жәбірленуші ретінде әйел де, ер адам да таныла алады. Алайда әйелдің жүкті болуына байланысты немесе басқа себептермен некеге тұруды талап етудің өзі қылмыс құрамын қалыптастырмайды.

"Егер классикалық жағдайды алсақ, әйел өзіне үйленуді талап еткен кезде оның немесе жақындарының тарапынан қорқыту, күш көрсету немесе қысым жасау фактілері болуы тиіс. Ал мұндай әрекеттер болмаса, бұл азаматтық-құқықтық қатынастар саналады", – деді ол.

Ведомствоның мәліметінше, қазір Қазақстанда неке қиюға мәжбүрлеу бабымен әйел күдікті ретінде танылған бірде-бір қылмыстық іс тіркелмеген.

2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу ресми түрде қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды.

Сондай-ақ елімізде сталкинг (адамды қудалау, аңду) үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Биыл сталкингке қатысты 83 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заң қабылданған еді. Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңға қол қойып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты ішкі істер әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық істерімен айналысатын мамандандырылған әйел қызметкерлер мен тергеушілер санын арттыру жұмыстарын қолға алды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 17:06