"Темекімен күйдіріп, аяқтарын сүйгізген": Алматы облысында 16 жастағы қызды азаптаған әйелдер сотталды

Алматы облысында 16 жастағы қызды азаптағаны үшін екі әйелге қатысты үкім шықты. Жәбірленушінің анасының айтуынша, олар қызды қызғаныштан күштеп ұстап, соққыға жыққан, денесін темекімен күйдірген және аяқтарын сүйгізіп, қорлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылы қыркүйекте Алматы облысында 16 жастағы қызды ұрлап әкетіп, оған қорлық көрсетті деген күдікпен екі әйел ұсталды.
Полицияның мәліметінше, күдіктілер жасөспірім қызды үйінен алдап шығарып, кейін оны күштеп ұстап отырған. Екі әйел де қолға түсіріліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Жәбірленушінің анасы бұл оқиғаға күдіктілердің бірінің қызғанышы себеп болғанын айтты.
“Қыз телефон арқылы университетке түсу мәселесі бойынша кеңес беріп жүрген ер адаммен танысқан. Бір видеоқоңыраудан кейін оған белгісіз әйел қоңырау шалып, өзін сол ер адамның келіншегімін деп таныстырған. Әйел оның бұл адаммен қарым-қатынасын тоқтатуды, нөмірін бұғаттап, соны растайтын скриншот жіберуді талап еткен. Қызым оның айтқанын орындаған”, – дейді қыздың анасы.
Алайда келесі күні әйел қайтадан мектеп оқушысымен хабарласып, сөйлесу үшін кездесуді ұсынған. Ол жасөспірімнің үйіне құрбысымен бірге келген. Қыз олардың көлігіне отырған.
"Алдымен әйел оның телефонын алып, хат алмасуды қарай бастаған. Сосын бетінен ұрып, шашынан тартып жіберген. Қызымның қол-аяғын темекімен күйдіріп, кейін оны адам жоқ өзен маңына алып барған", – дейді анасы.
Онда айыпталушылардың бірі қызды ұрып-соғып, басын суға батырып, аяғын сүюге мәжбүрлеген. Ал екіншісі мұны видеоға түсіріп тұрған. Мұнымен қоймай кәмелет жасқа толмаған қызды таяқпен зорлаған.
Болған жағдайдан кейін қызды үйіне апарып тастаған. Ал бұл туралы біреуге тіс жаратын болса түсірген видеоны таратып жіберіміз деп қорқытқан.
“Қызым ұзақ уақыт бойы болған жағдайды айтуға қорыққан. Ол тек өзін соққыға жыққанын айтып, жасырын түрде тыныштандыратын дәрілер ішіп жүрген”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Біраз уақыттан кейін қыз ақыры анасына басынан өткеннің бәрін айтып берген. Осыдан кейін әйел полицияға жүгінген.
"Полиция кәмелетке толмағанға дене жарақатын келтіру және жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша қылмыстық іс қозғады. Екі күдікті де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп хабарлады полиция.
ОқыңызСот қандай үкім шығарды
Кәмелетке толмаған қызға қатысты азаптау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған:
ҚК-тің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы — "Кәмелетке толмаған адамға қатысты азаптау";
ҚК-тің 121-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы — "Кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері".
2025 жылдың тамызында күдіктілер қамауға алынған. Ал желтоқсан айында айыптау актісімен іс сотқа жолданған.
"Қабылданған шешімнің заңдылығы мен негізділігі қадағалаушы прокуратурамен тексерілді. Қылмыстық істі сотта қарау нәтижесінде 2026 жылдың 5 ақпанында олар Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды", – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.
Сонымен бірге жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері туралы бап алынып тасталған. Сот айыпталушылардың әрекеттерінде бұл қылмыстық құқықбұзушылықтың құрамы жоқ деген қорытындыға келді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында екі әйел 16 жастағы қызды ұрлап кетіп, жыныстық зорлық-зомбылық көрсетті деп айыпталғаны туралы жазған едік.
"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты