Қазақстанда адамның суретін рұқсатсыз жариялағандарға айыппұл салынбақ
Құрылтай онлайн платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Құжатта адамның суретін келісімінсіз жариялағаны және заңсыз контентті өшіру туралы талапты орындамағаны үшін айыппұл енгізу ұсынылған. Жаңа талаптар әлеуметтік желі қолданушыларына да, онлайн платформалардың иелеріне де қатысты болмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Адамның суретін рұқсатсыз жариялағандар қанша айыппұл арқалайды
Заң жобасына сәйкес, адамның фотосуретін оның келісімінсіз жариялаған жеке тұлғаларға 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ал ұйымдар үшін айыппұл мөлшері 60-тан 200 АЕК-ке дейін (259 500 – 865 000 теңге) болмақ.
Сондай-ақ 5 мыңнан астам жазылушысы бар анонимді қолданушылар туралы мәлімет бермеу үшін жауапкершілік енгізу ұсынылған.
Мұндай талапты алғаш рет бұзғандарға ескерту жасалады немесе 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 40 АЕК-ке дейін (173 000 теңге) өседі.

Заңсыз контентті өшірмеген платформалар да жауапқа тартылады
Заң жобасында уәкілетті органның заңсыз контентті немесе балаларға қатысты кибербуллинг белгілері бар ақпаратты өшіру туралы талабын орындамаған онлайн платформалардың иелері мен өкілдіктеріне де айыппұл салу қарастырылған.
Айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай белгіленеді:
- Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК (216 250 теңге);
- Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (432 500 теңге);
- Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (865 000 теңге).
Егер құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі тиісінше 100, 200 және 400 АЕК-ке дейін ұлғаяды.
Заң қашан күшіне енеді
Қазір заң жобасы Құрылтайдың қарауында. Ол әлі түпкілікті қабылданған жоқ.
Егер құжат мақұлданып, ресми түрде жарияланса, заң алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Бұған дейін Қазақстанда біреудің суретін рұқсатсыз жариялаған азаматтың 432 мың теңге айыппұл арқалайтыны туралы жазған едік.
Жасанды интеллект дамыған сайын суреттің де мәні өзгерді. Бұрын жай ғана фото болып көрінген бейне арқылы қазір адамды танып, басқа мәліметтермен салыстыруға мүмкіндік береді. Осы себепті заңда адамның бейнесін пайдалану тәртібіне қатысты қосымша талаптар пайда болды. Бірақ заңгер адамның өз бейнесіне құқығы мен дербес дерек ұғымын шатастырмау керек екенін айтады.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай