Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салынады: Құрылтай заң жобасын мақұлдады

әлеуметтік желідегі шектеу
Фото: magnific.com

Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заң жобасын таныстырды. Құжатта балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне жас шектеуін енгізу көзделген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заң жобасына сәйкес, 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынбақ. Ал онлайн-платформа иелері қолданушылардың жасын тексеруге міндеттеледі. Алайда  Құрылтайда заң жобасын талқылау кезінде депутаттар балаларға білім алуға қажетті платформаларды қолжетімді күйінде қалдыру мәселесін көтерді. Атап айтқанда, хат-алмасу, білім беруге және балаларды дамытуға арналған платформаларға шектеу қоймау ұсынылды.

Баланың жасы қалай анықталады?

Талқылау барысында ата-аналарға баласы пайдаланатын телефон нөмірін eGov арқылы көрсету мүмкіндігін беру ұсынылды. Осылайша әлеуметтік желіде тіркелуге әрекеттенген қолданушының жасын анықтауға болады.

Депутаттар баланың жеке деректерін қорғау мәселесіне де назар аударды. Олардың ұсынысы бойынша, әлеуметтік желілерге баланың аты-жөні мен басқа да жеке мәліметтері емес, тек жасы туралы ақпарат берілуі керек.

Құрылтай депутаттары онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заң жобасын және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Енді депутаттардың қосымша ұсыныстары екінші оқылымға дайындық кезінде қаралады. Әзірге балаларға қатысты шектеу күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне шектеу қою үшін олардың жасын анықтаудың бірнеше тәсілін қарастырып жатқанын хабарлаған. Олардың қатарында бет-жүзді тану және қолданушының әлеуметтік желідегі әрекетін талдау технологиялары бар. Сонымен қатар премьер-министр Олжас Бектенов 16 жасқа толмаған балалардың бұрыннан ашылған аккаунттарын уақытша тоқтату мүмкіндігі қарастырылатынын айтқан.

 

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 11:34