Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде аккаунт ашуға тыйым салынды

Қолдағы телефон
Фото: istockphoto.com

Түркияда балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жаңа шектеулер енгізілмек. Енді 15 жасқа толмаған балаларға аккаунт ашуға тыйым салынып, жасөспірімдердің онлайн қарым-қатынасына да бірқатар талап қойылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаңа талаптар 10 қазанда Түркияның ресми басылымы Resmî Gazete-де жарияланды. Олар 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енуі тиіс.

"15 жастан асқан жасөспірімдер үшін қауіпсіздіктің арнайы режимі қарастырылған. Олардың парақшалары жабық болуы керек. Ал хат алмасу тек жазылушыларына қолжетімді болады. Сондай-ақ жасөспірімдер тікелей эфир жүргізе алмайды, жекелендірілген жарнама мен басқа аккаунттардың ұсыныстарын алмайды. Бұған қоса, телефон кітапшасындағы немесе бөгде сервистердегі контактілерді автоматты түрде көшіруге де рұқсат етілмейді", – деп жазады басылым.

Жаңа ережелер ата-ананың бақылауына да қатысты. Әлеуметтік желі платформалары ересектерге балалардың аккаунт баптауларын басқаруға, экран алдында өткізетін уақытын шектеуге және төлемдерді растауға мүмкіндік беруі тиіс.

Сонымен қатар платформалар тіркелетін пайдаланушылардың жасын Түркияның e-Devlet мемлекеттік жүйесі арқылы тексеруге міндеттеледі. 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде профиль ашуға тыйым салынады. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 10 Қазан, 2026 14:50