Павлодарда жолаушы автобус жүргізушісіне бұрыш спрейін шашып, қашып кетті
Павлодарда қоғамдық көлік жүргізушісіне жұдырық ала жүгіріп, бұрыш спрейін шашқан ер адам ұсталды. Оқиға кезінде автобуста жолаушылар көп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға күндіз болған. Жігіт автобусқа қызбен бірге мінген. Куәгерлердің айтуынша, екеуі жолақы төлеуден бас тартып, жүргізушімен сөзге келген. Артынша жолаушы жүргізушіге жұдырық ала жүгірген.
Автобус жүргізушісі қарсылық көрсеткенімен, ер адам оған бұрыш спрейін шашқан. Жүргізуші жолаушылар салоннан шығып кетуі үшін есікті ашқан сәтте шабуыл жасаған азамат оқиға орнынан қашып кеткен.
Полиция күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

58 жастағы жүргізуші жедел жәрдем көлігімен травматологиялық пунктке жеткізілген. Дәрігерлер оның химиялық заттан жеңіл дәрежедегі күйік алғанын анықтады. Оған амбулаториялық ем тағайындалған.
Бұған дейін Көкшетауда автобус жүргізушісі мен жолаушылар арасындағы жанжал төбелеске ұласқан еді. Куәгерлердің айтуынша, жанжал автобус жүргізушісінің басқа жолаушыларға кедергі келтірмеу үшін салонның алдына қарай өтуді сұрауынан басталған. Олардың жазуынша, екі жолаушы да мас күйде болған және жүргізушінің ескертуі оларға ұнамаған.
"Жүрек тұсынан электрошокермен ұрып өлтірген": ҚазҰУ жатақханасында қаза тапқан студенттің туыстары оқиға туралы айтып берді