Ресейде ұшақ құлап, 17 адам қаза тапты – БАҚ
Ресейдің Кемерово облысында ұшақ құлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
17 қараша күні кешкі уақытта Ягуново ауылы маңында ұшақ апаты тіркелді. Ақпаратты Кемерово облысының губернаторы Илья Середюк та растап, оқиға орнында жүргенін мәлімдеді.
Ресейлік Telegram арналардың мәліметінше, ұшақ бортында болған 17 адамның барлығы қаза тапқан.
БАҚ мәліметінше, апатқа ұшыраған ұшақ – Ан-12 әскери-көлік борты. Ол Новосібірден Канск қаласына бағыт алған. Ұшақ әуежайға шамамен бес шақырым жетпей, ашық алаңға құлаған. Соққыдан ұшақтың бөлшектері 500 метр радиусқа дейін шашылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, бортта қауіпті жүк болмаған. Жердегі нысандарға зақым келмеген.
Апатқа ұшақ қозғалтқыштарының бірінен шыққан өрт себеп болуы мүмкін. Мәліметтерге сүйенсек, қозғалтқыш әуеде өртеніп, содан кейін ұшақтың тұмсығы төмен қарай күрт құлдилаған. Кей деректерде экипаждың жанып жатқан ұшақты тұрғын үйлерден барынша алыстатуға тырысқаны айтылады.
Әзірге ұшақтың нақты түрі мен қаза тапқандар саны туралы ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысында Ан-2 ұшағы апатқа ұшырап, ұшқыш қаза тапқаны туралы жазған едік.
"Жүрек тұсынан электрошокермен ұрып өлтірген": ҚазҰУ жатақханасында қаза тапқан студенттің туыстары оқиға туралы айтып берді