Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұшақ 5,2 мың метрге төмендеді: Flydubai жолаушылары өлім аузынан қалай аман қалғанын айтты

flydubai ұшағы Тель-ави
Фото: Karl Dittlbacher/Handout via Reuters

Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағында екінші ұшқыш командирді пышақтап, ұшақты жерге қарай бағыттауға әрекет жасаған. Жолаушылар шабуылдаушыны залалсыздандырып, борттағы жолаушы ұшқыштар ұшақты Сауд Арабиясына шұғыл қондырды. Жолаушылар оқиғаның қалай болғанын баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

FZ1073 рейсінің жолаушысы Янив Хаюнның айтуынша, екінші ұшқыш ұшақ командирін пышақтап, кейін ұшақты жерге қарай бағыттауға әрекет жасаған болуы мүмкін. Хаюнның сөзінше, ұшақ екі минутқа жетпейтін уақытта шамамен 5,2 мың метрге төмендеген. Сол кезде жолаушылардың бірі айқайлап, ұшақтағы жарық сөніп қалған. Жағдайдың күрделілігін түсінген Хаюн басқа жолаушылармен бірге ұшқыштар кабинасының есігін ашуға тырысқан.

"Пышақ жарақатын алған ұшқыш есікке тым жақын жерде жатты. Сондықтан есікті ашу қиын болды", — деді Хаюн.

Оның айтуынша, жараланған командир есінен танар алдында есікті ашып үлгерген. Кабинаға кірген Хаюн шабуыл жасаған адамды аспаптар тақтасының жанынан көрген. Хаюн шабуылдаушыны ұстап, кабинадан сыртқа шығарған. Кейін басқа жолаушылар да оған көмектесіп, күдіктіні жерге басып ұстаған.

Хаюнның айтуынша, шабуылдаушы ұшақтың аспаптарын зақымдап, оны басқарудан шығаруға әрекет жасаған. Ол ұшақтың басқару тұтқасын өзіне қарай тартып, борттың төмендеуін тоқтатуға тырысқанын айтты. Осыдан кейін ұшақта жолаушы ретінде отырған екі ұшқыш басқаруды өз қолына алған. Олар ұшақты Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук қаласына шұғыл қондырған.

  "Тозақтан өткендей болдық"

Ұшақтағы өзге жолаушылар да болған жағдайды ауыр сәт ретінде сипаттады. 18 жастағы Оран Коэн бірнеше минуттың өзі ұзақ уақытқа созылғандай көрінгенін айтты.

"Бәлкім, бар болғаны бес минут өткен шығар. Бірақ маған тозақтан өткендей көрінді. Артымда отырған ағамның бәріміздің өлетінімізді айтып айқайлағанын естідім", — деді ол.

Тағы бір жолаушы Цвика Менесс шабуылдаушыны ұстап, оны байлауға көмектескенін айтты. Израильдің жедел жәрдем қызметінің қызметкері де бірнеше жолаушының ұшақтан түскен кезде қатты күйзеліп, жылағанын жеткізді.

Пышақ жарақатын алған ұшақ командирі, Үндістан азаматы Смит Маччхар ауруханаға жеткізілді. Сауд Арабиясындағы Үндістан елшілігінің мәліметінше, оның жағдайы тұрақты. Шабуыл жасаған адам қамауға алынып, оны Сауд Арабиясының билігі тергеп жатыр. Израиль билігі оқиғаны жиһадшылардың шабуылы болуы мүмкін деп қарастырып отыр. Алайда күдіктінің нақты қандай себеппен әрекет еткені әзірге ресми түрде айтылған жоқ.

Тергеу жалғасып жатқандықтан, Flydubai Тель-Авивке қатынайтын рейстерін уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Жолаушылар кейін қосалқы ұшақпен Тель-Авивке жеткізілді. "Бен-Гурион" әуежайында оларды көпшілік қарсы алды.

Еске салсақ, бұған дейін Дубайдан Тель-Авивке ұшқан Flydubai ұшағы әуеде басып алу белгісін бергені туралы жазған едік. Ұшақ қонар кезде экипаж алдымен жалпы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын, кейін заңсыз араласу немесе ұшақты басып алу қаупін білдіретін 7500 кодын жіберген.

Stan.kz
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 09:06