Алматыда арықтың орнына көлік тұрағын салмақ болған: Жұмыстар заңсыз жүргізілген
Алматы қаласындағы Наурызбай батыр көшесінде тұрғындардың бірі тиісті рұқсат құжаттарынсыз арықтардың орнына көлік қоюға арналған тұрақ орнын жасамақ болған. Алайда жұмыстар кейін тоқтатылып, аумақты бастапқы қалпына келтіре бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қала тұрғындарының бірі әлеуметтік желіде 19 қарашада Наурызбай батыр көшесінің бір бөлігіндегі бетон арықтардың бұзылғаны туралы жазды. Оның айтуынша, арықтардың орнына жабық үлгідегі арықтар орнатып, көліктерге арналған тұрақ жасау жоспарланған.
Кейін тұрғын сол аумақта бірнеше көліктің тұрғанын және жаңадан асфальт төселгенін байқаған. Алайда 25 қарашада төселген асфальт қайта алынып, бұрынғы бордюрлер орнына қойылған. Сонымен қатар арықтарды қалпына келтіру жұмыстары басталған.
Тұрақ рұқсатсыз жасалған
Алмалы ауданының әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, жеке тұлға тиісті рұқсат құжаттарын алмай, өз бетінше көлік тұрағына арналған арнайы орын жасай бастаған.

Қазір заңсыз жүргізілген жұмыстар тоқтатылған. Ал аумақты бастапқы қалпына келтіру үшін тиісті жұмыстар қолға алынған.
"Жеке тұлға аумақты бұрынғы қалпына келтіру, оның ішінде абаттандыру элементтері мен бұрынғы көрінісін қалпына келтіру жұмыстарын бастады", – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Сондай-ақ мемлекеттік орган бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Бүған дейін Алматыда Достық даңғылының тротуары жаңбырға шыдамай опырылып түскені туралы жазған едік. Әлеуметтік желіде тараған жазбада қала тұрғыны Достық даңғылының жағдайына шағымданған. Оның айтуынша, алғашқы жаңбырдан кейін жол жабыны бүлініп, тротуардың бір бөлігі шөгіп кеткен.