Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы жол жөндеуге кім жауапты: Мердігер компаниялар қанша миллиард теңгеге келісімшарт жасаған

жол
Фото: Threads

Алматыда жазда басталған жол жөндеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Соның салдарынан қала көшелерінде кептеліс көбейіп, кей учаскелер уақытша жабылған. Жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы мен ұйымдастырылуына қатысты тұрғындар Threads желісінде де жиі шағымданады. Осыған байланысты Stan.kz қаладағы жол жөндеу жұмыстарына қандай компаниялар жауапты екенін, олардың қанша қаражатқа келісімшарт жасағанын және жұмыстардың қашан аяқталатынын анықтап көрді.

Threads желісіндегі жазбалардың бірінде тұрғын жол жөндеу жұмыстарының қараша айында басталғанына наразы болған. 

“Қарашада жол жөндеуді бастау кімнің ойына келді екен? Оның үстіне, демалыстан кейін. Мектепке әдетте 20 минутта жететін жолды бір жарым сағатта әрең жүріп өттік. Жөндеу жұмыстарын біртіндеп жүргізуге болмай ма? Алдымен бір көшені толық бітіріп, содан кейін келесісіне көшсеңіздер қайтеді?” – деп жазды тұрғын.
пікір
Фото: Threads скрин

Тағы бір алматылық бетон араластырғыш көліктердің кіруіне шектеу қою мәселесін көтерген. 

“Бір ай бұрын ғана бюджеттен ондаған миллион теңге жұмсалып жөнделген жолдың өзі қайтадан қирай бастаған. Енді оны қайта жөндеуге тағы да бюджет қаржысы жұмсалатын шығар”, – деп жазды тұрғын.

Қаладағы жөндеу жұмыстарының бір мезгілде бірнеше көшеде жүргізілуі де тұрғындардың наразылығын тудырған. 

“Әкімдік Алматыдағы барлық жол мен тротуарды бір мезетте жөндеуге кіріскенде не ойлады екен? Соның кесірінен бүкіл қала кептеліске тұрып қалды. Жаяу жүру де, көлікпен қатынау да қиындады. Мұның бәрін бір уақытта бастаудың қандай қажеті бар”, – деп жазды ол.

Тағы бір тұрғын жөндеу жұмыстарының сапасы мен тазалыққа қатысты шағымын білдірген. 

“Алматы қаласы, Брусиловский көшесі. Екі аптадан бері жол жөндеп жатыр. Міне, нәтижесі: битумның иісі мүңкіп тұр, қоқыс жан-жаққа шашылған, жүру мүмкін емес. Ең қызығы, жұмысшылардың өзі бұл жерде жүрген жоқ”, – деп жазды ол.

Осыған байланысты Stan.kz тілшісі Алматы әкімдігіне бірнеше сауалмен жүгінді. Cұрағымызға әр мердігер компаниямен қанша қаражатқа келісім жасалғанын да сұрадық. Алайда әкімдік бұл сауалымызды жауапсыз қалдырған. 

Алматыда қанша шақырым жол жөнделіп жатыр?

Әкімдік мәліметінше, биыл қалада жалпы ұзындығы 249 шақырым болатын 340 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

“Қаладағы көше-жол желісінің жалпы ұзындығы – 3 145 шақырым. Ол шамамен 2 750 көшеден тұрады. Оның ішінде магистральдық жолдар – 1 165 шақырым, ал жергілікті және аудандық маңызы бар көшелердің ұзындығы – 1 980 шақырым. Автомобиль жолдарының 95%-ы жақсы және қанағаттанарлық техникалық жағдайда. Биыл қалада жалпы ұзындығы 249 шақырым болатын 340 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде ұзындығы 49,3 шақырымды болатын 23 магистральдық көше бар”, - делінген жауапта. 

Жол жөндеу жұмыстарын орындауға әкімдік бес негізгі мердігер ұйымды тартқан екен.  Олар:

  • “Компания Алматы ДорСтрой” ЖШС;
  • “КазНИиПИ Дортранс” ЖШС;
  • “BSC Construction” ЖШС;
  • “ДРСУ-8” ЖШС;
  • “Каз Снаб Строй Сервис” ЖШС.

Алайда қаладағы жол құрылысына бөлінген қаражат тек орташа жөндеумен шектелмейді, дейді. Себебі кей аудандарда жаңа көшелер салынып, ірі магистральдар ұзартылып жатыр екен.

компания
Фото: Stan.kz

Алматыдағы жол жөндеу жұмыстарына қатысы бар мердігер компаниялардың мемлекеттік сатып алу порталындағы көрсеткіштері белгілі болды.

Ашық деректерге сәйкес: 

“Компания АлматыДорСтрой” ЖШС-нің мемлекеттік сатып алу аясында жасасқан келісімшарттарының жалпы сомасы 103,48 миллиард теңге. Компания 67 келісімшарт жасасқан;

Ал “КазНИИПИ ДОРТРАНС” ЖШС 188 келісімшарт бойынша 31,37 миллиард теңге; 

BCS Construction 42 келісімшарт бойынша 65,34 миллиард теңге;

ДРСУ-8 204 келісімшарт бойынша 33,3 миллиард теңге көлемінде келісімшарт жасасқан;

“Каз Снаб Строй Сервис” ЖШС бойынша келісімшарт саны мен жалпы сомасына қатысты ашық деректерде мүлде ақпарат жоқ.

Жол құрылысына 170 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген

2025–2026 жылдары Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы жалпы сомасы 185,7 миллиард теңгеге келісімшарттар жасасқан. Оның ішінде жол құрылысына қатысты келісімдердің құны 170 миллиард теңгеге жуық.

Биыл Манас көшесінде (Абай даңғылынан Тимирязев көшесіне дейін) жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Ақжар, Боралдай және Рахат-Мәдениет шағынаудандарында жаңа магистральдар салу жоспарланған. Бұл аумақтарда 2026 жылы 68,5 шақырым жол төселуі тиіс болған. 

Бұдан бөлек, Сайын, Рысқұлов және Төле би көшелерін ұзарту жұмыстары қарастырылған. Абай даңғылын Үлкен Алматы айналма жолына дейін жеткізу де жоспарға енген. Бұл учаскенің ұзындығы – 3,4 шақырым.

Stan.kz мемлекеттік сатып алу деректерін зерделеп, Алматыдағы жол құрылысы жобаларына қатысатын компаниялардың келісімшарттарын қарастырды. Солардың ішінде ірі жобаларды алған мердігерлердің бірі – BCS Construction.

44,7 миллиард теңгеге жуық келісімшарт

“BCS Construction” ЖШС Алматыда бірнеше ірі жол құрылысы жобасын қолға алған. Компанияға берілген келісімшарттардың арасында:

  • Алатау ауданындағы Боралдай шағынауданында жол салу – 1,7 миллиард теңге;
  • Рахат-Мәдениет шағынауданында жол салу – 2,7 миллиард теңге;
  • Наурызбай ауданындағы Ақжар шағынауданында жол салу – 5,5 миллиард теңге;
  • Төле би көшесін Яссауи көшесінен Әшімов көшесіне дейін ұзарту – 17 миллиард теңге;
  • Мұқанов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін ұзарту – 6,2 миллиард теңге;
  • Қажымұқан көшесін Назарбаев даңғылынан Сейфуллин даңғылына дейін ұзарту және Алдар Көсе көшесін қайта жаңарту – 267 миллион теңге.

Компанияның қазіргі басқармамен жасасқан келісімдерінің бір бөлігі бұрын Қалалық мобильділік басқармасымен бекітілген шарттарға енгізілген қосымша келісімдерден тұрады. Бұдан бөлек, жуырда жаңа келісімшарт та жасалған. Бұл келісімдердің жалпы сомасы 44,7 миллиард теңгеге жуық. Оның 27,7 миллиард теңгесі 2026 жылға тиесілі.

Дегенмен компанияның кейбір келісімдері бойынша сұрақтар бар. Мәселен, Қажымұқан көшесін ұзарту жобасына қатысты келісімнің мерзімі былтыр 31 желтоқсанда аяқталған. Алайда мемлекеттік сатып алу порталында оның орындалғаны туралы белгі әлі жоқ.

Сонымен қатар компанияның сенімді екеніне қатысты бірқатар мәлімет кездеседі. Атап айтқанда, оның банк шоттары мен мүлкіне тыйым салынғаны, түрлі сот дауларына қатысқаны көрсетілген.

2023–2024 жылдары компания Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен мемлекеттік сатып алуға қатысты соттасқан. Бұған дейін оған Талдықорған–Үштөбе–Быжы–Мұқыры тасжолының бір бөлігін жөндеуге 394,9 миллион теңгелік келісімшарт берілген. Компания бюджеттен қаражат бөлінбегенін және құрылыс материалдарының қымбаттағанын алға тартып, шартты орындау тиімсіз болғанын айтқан. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бұл уәждерді қабылдамаған.

Ашық деректерге сәйкес, BCS Construction 2015 жылдан бері 3,5 миллиард теңгеге жуық салық төлеген. Ал компанияның мемлекеттік келісімшарттарының жалпы сомасы 83,6 миллиард теңгеге жеткен.

Компания иесі кім?

Ашық деректер бойынша, компанияның түпкі бенефициарлары – 43 жастағы Петр Прокошин мен 64 жастағы Лариса Колбасова. Олар компанияға аралық заңды тұлғалар арқылы иелік етеді.

Петр Прокошин бұған дейін “Атамекен” жинақтаушы зейнетақы қорында ақпараттық технологиялар бөлімін басқарған. 2014 жылға дейін құжат жүзінде Samal ауызсуын өндіретін кәсіпорынның иесі болған.

Қазір ол Лариса Колбасовамен бірге жүк көлігін жалға беру және басқа да қызметтермен айналысатын Goodway Logistics компаниясына да иелік етеді. Бұл компания мемлекеттік сатып алу аясында Алматы әкімдігіне қарасты мекемелерге ғимараттарды жалға береді. 2026 жылы мұндай келісімдер сомасы 124,5 миллион теңге болған.

“Алматыдорстрой”

Алматыдағы ірі жол құрылысы жобаларына қатысып жүрген тағы бір компания – “Компания “Алматыдорстрой” ЖШС.

Мердігерге берілген негізгі жобалардың бірі – Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзартудың екінші кезеңі. Бұл жұмыстың құны 9,8 миллиард теңге деп көрсетілген. Сонымен қатар компания Жас Қанат шағынауданында бес аялдау және кері бұрылу алаңын салуға 350 миллион теңгелік келісімшарт алған.

Компания бұған дейін Жұбанов көшесін ұзартудың бірінші кезеңіне де қатысқан. Оның құны 3,2 миллиард теңге болған. Бұдан бөлек, Тимирязев көшесінде Байтурсынов көшесінен Желтоқсан көшесіне дейін және одан әрі Райымбек даңғылына дейін BRT желісін салуға 3,4 миллиард теңгелік келісімшарт жасалған.

Жұбанов көшесін ұзартудың екінші кезеңіне қатысты негізгі келісімшарт Қалалық мобильділік басқармасымен 2023 жылы жасалған. Ол кезде келісім сомасы 9,5 миллиард теңге болған.

Ашық деректерде “Алматыдорстрой” компаниясының мемлекеттік сатып алудағы келісімшарттарының жалпы сомасы 104,3 миллиард теңгеге жуық екені көрсетілген. Компанияның мүлкіне салынған бір тыйым және қырыққа жуық сот дауы бар.

Бұған дейін тапсырыс берушілер компанияны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тануға бірнеше рет әрекет жасаған. Солардың бірі – Алматы қаласының Қалалық мобильділік басқармасы. 2021 жылы басқарма компанияға қарсы сотқа жүгініп, Солтүстік айналма көшесіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті өткелдерін салу жөніндегі міндеттемелер орындалмағаны үшін тұрақсыздық айыбын өндіріп алуды талап еткен.

Алайда сот барысында компания жобалық-сметалық құжаттамада кемшіліктер болғанын айтып, жауапкершілікті тапсырыс берушіге жүктеген. Нәтижесінде сот оның уәжін қолдаған.

Компания 2015 жылдан бері 4,1 миллиард теңге салық төлеген.

“Алматыдорстрой” компаниясының иелері

Компанияның құрылтайшылары – 79 жастағы кәсіпкер Бронислав Шин, оның 51 жастағы қызы Светлана Шин және “Алматыинжстрой” АҚ.

Ашық деректерге сәйкес, “Алматыинжстрой” компаниясының түпкі бенефициарлары да Шиндер отбасымен байланысты. Бұл кәсіпорын жылу, сумен жабдықтау және кәріз жүйелеріне арналған құбырлар салу саласында жұмыс істейді.

“Алматыинжстройдың” мемлекеттік келісімшарттарының жалпы сомасы 232 миллиард теңгеге жетеді. Ал 2015 жылдан бері салық төлемдері 10 миллиард теңге болған.

Бронислав Шиннің жол құрылысы саласындағы бизнесіне “Компания АИС–Астана” ЖШС де кіреді. Ол Астанадағы тұрғын алаптарында жол салу және қайта жаңарту жобаларына қатысқан. Компанияның мемлекеттік келісімшарттарының жалпы сомасы 43 миллиард теңгеге жуық.

"КазНИиПИ ДОРТРАНС" ЖШС

Алматы әкімдігі жол жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлердің қатарында “КазНИиПИ ДОРТРАНС” ЖШС-ні де атаған. Компанияның толық атауы – Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау жол-көлік проблемалары институты "ДОРТРАНС". Кәсіпорынның негізгі қызмет бағыты – автомобиль жолдары мен магистральдар салу. Компанияның басшысы – Әсет Ордабаев.

SafeDeal деректеріне сүйенсек, 2026 жылы 27 қазандағы жағдай бойынша “КазНИиПИ ДОРТРАНС” ЖШС мемлекеттік сатып алу порталында жалпы сомасы 31,37 миллиард теңге болатын 188 келісімшарт жасаған. Бұл сома компанияның мемлекеттік сатып алу саласындағы барлық келісімдерін қамтиды және тек Алматыдағы жол жөндеу жұмыстарына қатысты емес.

келісімшарт
Фото: safedeal.kz

Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасымен де компанияның келісімдері бар. Мәселен, 2024 жылы автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына қатысты 172 миллион теңгелік келісімшарт жасалған. Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәлімет бойынша, оның 169,09 миллион теңгесіне жұмыс орындалған.

Бұдан бөлек, порталдағы дерекке сәйкес, 2026 жылы 14 қыркүйекте басқармамен бұрын жасалған келісімшартқа 24,28 миллион теңге көлемінде қосымша келісім тіркелген. Бұл жеке жол құрылысы жобасы емес, қолданыстағы келісімшартқа енгізілген қосымша құжат.

салық
Фото: safedeal.kz

Компанияның салық төлемдері де кейінгі жылдары өскен. Ашық деректерге сәйкес, “КазНИиПИ ДОРТРАНС”: 

  • 2022 жылы 26,7 миллион теңге;
  • 2023 жылы 166,2 миллион теңге;
  • 2024 жылы 263,9 миллион теңге;
  • 2025 жылы 822,5 миллион теңгеден аса салық төлеген. 

Компания мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізімінде жоқ. Сонымен қатар 2026 жылы қыркүйектегі ашық дерек бойынша, оның салық берешегі тіркелмеген.

“ДРСУ-8” ЖШС

Алматы әкімдігі жол жөндеу жұмыстарына жауапты мердігерлердің қатарында “ДРСУ-8” ЖШС-ні де атаған. Ашық деректерге сәйкес, компания 2004 жылы 22 қазанда тіркелген. Кәсіпорынның негізгі қызмет бағыты – автомобиль жолдары мен магистральдар салу. 

компания
Фото: safedeal.kz

Statsnet дерегіне сүйенсек, “ДРСУ-8” ЖШС мемлекеттік сатып алу саласында 204 келісімшарт жасаған. Алайда ашық қолжетімді мәліметте олардың жалпы сомасы көрсетілмеген. Мемлекеттік сатып алу порталындағы бір лот бойынша компания автомобиль жолын жөндеу жұмыстарына арналған 712,7 миллион теңгелік сатып алудың жеңімпазы ретінде көрсетілген. Бұл – нақты бір сатып алудың жоспарлы сомасы, компанияның Алматыдағы барлық жобаларының құны емес.

салық
Фото: safedeal.kz

Компанияның салық аударымдарына қатысты Safedeal дерегінде: 

  • 2022 жылы 130,3 миллион теңге; 
  • 2023 жылы 111 миллион теңге;
  • 2024 жылы 60,5 миллион теңге; 
  • 2025 жылы 173,2 миллион теңге көрсетілген; 
  • ал 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі салық төлемдері 86,3 миллион теңге болған.

Компанияның басшылығы мен құрылтайшылары

Statsnet мәліметінше, “ДРСУ-8” ЖШС басшысы – Антон Баньщиков. Бұған дейін компанияны Нартай Базарбаев басқарған. 

Statsnet дерегінде компанияға қатысты төрт сот ісі тіркелгені көрсетілген. Оның екеуінде кәсіпорын талапкер, екеуінде жауапкер болған. Соңғы іс 2026 жылы 17 наурызда тіркелген. Алайда қолжетімді мәліметтерде істердің мән-жайы мен нәтижесі көрсетілмеген. 

“Каз Снаб Строй Сервис” ЖШС

Ашық деректерге сәйкес, компания 2016 жылы 16 ақпанда тіркелген. Кәсіпорынның негізгі қызмет бағыты – битум және соған ұқсас материалдар өндіру. Ал қосымша қызмет түрлерінің қатарында автомобиль жолдары мен магистральдар салу да бар.

Компанияның басшысы – Алексей Анпилов. Заңды мекенжайы Астана қаласы, Сығанақ көшесі, 54-үй, 24-кеңсе болып көрсетілген. Ұлттық статистика бюросының дерегінде кәсіпорын шағын бизнес субъектісі ретінде тіркелген. Қызметкерлер саны 21–30 адам деп көрсетілген.

салық
Фото: safedeal.kz

Компанияның салық аударымдары SafeDeal платформасында көрсетілген: 

  • 2022 жылы 63,8 миллион теңге; 
  • 2023 жылы 44,6 миллион теңге; 
  • 2024 жылы 80,2 миллион теңге; 
  • 2025 жылы 307,3 миллион теңге; 
  • 2026 жылы 344,7 миллион теңге. 

Осылайша, компанияның 2025-2026 жылдардағы салық төлемдері алдыңғы жылдар салыстырғанда едәуір өскен. 

Жол жөндеу сапасын кім бақылайды?

Алматы әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының сапасы мен қауіпсіздігін бірнеше деңгейде бақылайтынын хабарлады.

“Бірінші кезекте жұмыстардың технологиялық талаптарға сай орындалуына мердігер ұйымның өзі жауап береді. Нысандағы жауапты мамандар жобалық және техникалық құжаттаманың, қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті”, – делінген жауапта. 

Одан кейін жөндеу учаскелерін техникалық қадағалау мамандары мен тапсырыс берушінің өкілдері тексереді екен. 

“Техникалық қадағалау жұмыстың сапасы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылайды. Ал тапсырыс беруші жобаның орындалуын, келісімшарттағы міндеттемелердің сақталуын және анықталған кемшіліктердің жойылуын қадағалайды. Бұдан бөлек, жол жұмыстары мен пайдаланылатын материалдардың сапасын “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” тәуелсіз түрде тексереді. Орталық мамандары нысандарға барып, сынамалар алады, материалдарды зертханада тексереді”, – делінген жауапта. 

Әкімдік мәліметінше, жол жөндеу кезінде санитариялық талаптардың сақталуы да бақылауда болады. 

“Мердігерлер шаңды азайту үшін жұмыс аумағын және оған іргелес жерлерді сулап, құрылыс қалдықтарын уақытылы жинап, тазалық сақтауы тиіс”, – делінген жауапта. 

Жолға берілген кепілдік мерзімі – бес жыл

Алматы әкімдігінің мәліметінше, орындалған жол жөндеу жұмыстарына бес жыл немесе 60 ай кепілдік беріледі.

“Осы мерзім ішінде жол төсемінен ақау анықталса, мердігер компания оны өз қаражаты есебінен жоюға міндетті. Демек жолдың сапасына қатысты жауапкершілік жөндеу жұмыстары аяқталған сәтте тоқтамайды. Кепілдік мерзімі ішінде анықталған кемшіліктерді жою да мердігердің міндетіне кіреді”, – делінген жауапта. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 05 Қараша, 2026 18:02