"Бишімбаевтың ісі қайталануы мүмкін бе": Шу қаласында әйелдің комаға түсуіне қатысты іс тергеліп жатыр
Жамбыл облысы Шу қаласында ер адаммен бірге тұратын әйел ауыр жарақат алып, комаға түсті. Оның қызы оқиғаға анасының бірге тұратын азаматын кінәлайды. Қазір полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
24 қарашада Шу қаласының ауруханасына 1976 жылы туған әйел ауыр халде жеткізілген. Қазір ол комада жатыр.
“Не молчи” қорының негізін қалаушы Дина Смаилованың айтуынша, әйелдің басынан ауыр затпен ұрған. Содан кейін оның ауыр жарақат алғаны анықталған. Оған қоса миы шайқалып, денесінде көптеген көгерген іздер мен бетінде соққыдан қалған жарақаттар бар.
Смаилова зардап шеккен әйелдің қызының сөзіне сүйеніп, оқиғаға оның анасымен бірге тұратын ер адам қатысы болуы мүмкін екенін жазды.
“Ер адам мұны байқамағанын, әйелді жай ғана ұйықтап жатыр деп ойлағанын айтады. Жедел жәрдем шақырмай, шамамен 10 сағат күткен. Айта кетейік, оның көру қабілеті бойынша бірінші топтағы мүгедектігі бар. Алайда оқиғаның мән-жайы күмән тудырады”, – делінген жазбада.
Смаилова бұл оқиғаға байланысты полицияның әрекетіне де күмән келтірді. Ол Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Жамбыл облыстық полиция департаменті және Құрылтай депутаты Снежанна Имашевадан істі назарға алып, тиісті шара қолдануды сұрады.
“Снежанна Имашева, осы істі жеке бақылауыңызға алуыңызды өтінеміз. Бишімбаевтың ісі тағы қайталанып жатыр ма? Мұндай жағдайлар енді қалыпты нәрсеге айналуы керек пе? Тағы да “өзі құлап қалды”, “ес-түссіз жатқанын білмедім, ұйықтап жатыр деп ойладым” деген сөздерді естіп отырмыз. Күдіктіні дереу қамауға алу қажет”, – деп жазды ол.
Жамбыл облыстық полиция департаменті жағдайға қатысты пікір білдірді.
“Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүріп, қажет сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы облыстық полиция департаментінің бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, 2023 жылы қарашада Астанада Қуандық Бишімбаевтың жұбайы Салтанат Нүкенова қаза тапқан. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды.
2024 жылы 13 мамырда алқабилер соты Бишімбаевты Салтанат Нүкенованы азаптағаны және аса қатыгездікпен қасақана өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Сот оны аса жоғары қауіпсіздік мекемесінде 24 жылға бас бостандығынан айырды.
Ал оның ағасы Бақытжан Байжанов аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасырғаны үшін төрт жылға сотталды. Бұл іс Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес және әйелдердің қауіпсіздігін қорғау мәселесін қайта көтерді.
