Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуда шетелдік азық-түлікке шектеу енгізілді

азық түлік
Фото: Pexels

Қазақстанда мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдардың шетелден әкелінетін азық-түлік өнімдерін сатып алуына шектеу қойылды. Енді Қазақстанда өндірілетін тауарлар бойынша мемлекеттік сатып алуға тек отандық тауар өндірушілер тізіліміне енген кәсіпкерлер қатыса алады. Жаңа тәртіп екі жылға енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

 

Қандай азық-түлік өнімдерін сатып алуға шектеу қойылады?

Үкімет 2026 жылғы 23 қарашада “Ұлттық режимнен алып қоюды белгілеудің кейбір мәселелері туралы” №1040 қаулы қабылдады.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік сатып алу кезінде шетелден шығарылатын азық-түлік өнімдеріне ұлттық режимнен алып қою қолданылады. Яғни Қазақстанда өндірілетін өнімдердің мемлекеттік сатып алу конкурстарына шетелдік тауар жеткізушілері қатыса алмайды.

Алайда бұл талап Қазақстан аумағында мүлде өндірілмейтін азық-түлікке қолданылмайды. Мұндай өнімдерді мемлекеттік мекемелер бұрынғыдай шетелден сатып ала алады.

Мемлекеттік сатып алуға кімдер қатыса алады?

Жаңа тәртіп бойынша конкурсқа Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген жеке және заңды тұлғалар ғана қатыса алады.

Ауыл шаруашылығы министрлігі “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, шектеу қолданылатын азық-түлік өнімдерінің нақты тізімін бекітуі керек. Ол үшін министрлікке қаулы қабылданған күннен бастап 10 күн берілген. Тауарлар тізімі бірыңғай номенклатуралық анықтамалықтағы кодтарымен бірге мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады.

Осылайша, шектеуге кіретін өнімдердің нақты түрлері бекітілген тізім жарияланғаннан кейін белгілі болады.

Жаңа талап қанша уақыт қолданылады?

Үкімет қаулысы желтоқсан айында күшіне еніп, екі жыл бойы қолданылады.

Бұл шара отандық тауар өндірушілерді қолдауға, ішкі нарықты қорғауға және қазақстандық кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Айта кетейік, жаңа талап импорттық азық-түлікті дүкендерде сатуға немесе азаматтардың шетелдік өнімдерді сатып алуына тыйым салмайды. Шектеу тек мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысты.

Айта кетейік, Pinduoduo-ның Қазақстанда танымал болуы отандық кәсіпкерлер арасында да алаңдаушылық туғызған. Бұған дейін қазақстандық сатушылар қытайлық маркетплейстегі төмен баға мен тегін жеткізілім жергілікті дүкендерге бәсекелестікті күшейтіп, сатылымға әсер етуі мүмкін екенін айтқан еді. Кейбір кәсіпкерлердің сөзінше, тұтынушылар күнделікті тұрмысқа қажетті тауарларды да Қытайдан тапсырыс беруге көшкен. 

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 26 Қараша, 2026 11:20