"Анам комада жатыр": Жамбыл облысында әйел бұрынғы күйеуінің үйінен ауыр жарақатпен табылды
Жамбыл облысының Шу қаласында 50 жастағы әйел азаматтық некедегі жолдасының үйінде болғаннан кейін ауыр халде ауруханаға түсті. Қазір ол комада жатыр. Әйелдің қызы Милана Мазабекова анасының бірнеше жыл бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, құқық қорғау органдарынан істі жан-жақты тергеуді және қажетті тергеу әрекеттерін жедел жүргізуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Милана Мазабекованың әлеуметтік желіде жариялаған мәліметінше, анасы Гүлнара 2026 жылғы 24 қарашада шамамен 13 жыл бірге тұрған азаматтық некедегі жолдасының үйінде болған. Қызының айтуынша, осы жылдар ішінде ер адам анасына бірнеше рет күш көрсеткен. Алайда анасы оны кешіріп, қарым-қатынасын жалғастырған. 2025 жылдың жазында олар екі жаққа кеткенімен, кейін Гүлнара бұрынғы жолдасының үйіне қайта барып жүрген.
Қызының сөзінше, 24 қарашада екеуінің арасында жанжал шыққан. Отбасы бұл жағдайға ақша мәселесі себеп болуы мүмкін деп болжайды. Милананың айтуынша, ер адамның ұлы есірткіге қатысты қылмыс бойынша екінші рет сотталғаннан кейін 29 қарашада бостандыққа шығуы тиіс болған. Оған сот шығындары мен адвокат қызметіне ақша қажет болған көрінеді. Алайда анасы қаржылай көмек көрсетуден бас тартқан.
“Біз бұл жағдай жанжалдың нақты себебі болды деп кесіп айтпаймыз. Бірақ тергеу барысында осы нұсқаны міндетті түрде тексеруді сұраймыз”, – деп жазды Милана.
Қызының мәліметінше, дәрігерлер анасының денесінен көптеген қанталау мен көгерген жерлерді, миының зақымдануын және басқа да ауыр жарақаттарды анықтаған. Оның сөзінше, медицина қызметкерлері жарақаттардың сипаты доғал зат қолданылғанын көрсетуі мүмкін екенін айтқан.
“Анам ауруханаға тек 2026 жылғы 25 қарашада таңғы сағат 10:00 шамасында жеткізілген. Қазір ол комада жатыр. Дәрігерлер оның аман қалу мүмкіндігі өте төмен, шамамен 1 пайыз екенін айтты”, – дейді Милана.
Ал әйелдің азаматтық некедегі жолдасы оны ұрғанын жоққа шығарып, Гүлнараның 5-6 рет құлап, жарақаттарды сол себепті алғанын айтқан. Алайда отбасы бұл түсініктемемен келіспейді. Милана анасының бұрын да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын, сондай-ақ ер адамның отбасының басқа мүшелеріне де күш көрсеткен жағдайлар болғанын мәлімдеді.
Отбасы полиция мен прокуратура жұмысына қатысты сұрақтар қойған
Милана Мазабекованың айтуынша, оқиғадан кейін отбасы Шу қаласының полиция бөлімі мен прокуратурасына арызданған. Алайда бастапқыда полиция бөлімінде арыздарын қабылдаудан бас тартқан.
“Кейін прокуратураға барғанымызда өтініштеріміздің қабылданғанын хабарлады. Қызметкерлермен сөйлесу барысында қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу мәселесіне қатысты түсініспеушіліктер туындады. Кейбір қызметкерлер оқиға болған жерге қарау жүргізілмегенін және тиісті дәлелдер тіркелмегенін айтты. Алайда кейін прокуратурада бізге қажетті әрекеттердің орындалғанын жеткізді”, – деп жазды ол.
Қызының сөзінше, тергеуші істі басқа қызметкерге тапсырғанымен, екі тәулік өтсе де, істің кімнің қарауында екені және қандай тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны жөнінде нақты ақпарат ала алмаған.
“Бізге тергеу екі айға дейін созылуы мүмкін екенін айтты. Бірақ анамыз комада жатқанда, дәрігерлер оның аман қалуына өте аз үміт беріп отырғанда, қалайша екі ай бойы күтіп отыра аламыз? Біз заңсыз әрекеттерді талап етпейміз. Біз тек заңның әділ жұмыс істеуін талап етеміз”, – дейді Милана.
Анасының алтын әшекейлері мен ақшасы жоғалған
Бұдан бөлек, отбасы Гүлнараның жеке заттары мен ақшасына қатысты да мәселе көтерді. Қызының айтуынша, оқиға болған кезде анасының сөмкесі мен телефоны азаматтық некедегі жолдасының үйінде қалған. Сөмкені қайтарып алған кезде ішінен үш алтын шынжыр, бір алтын сақина және қолма-қол ақша табылмаған. Қолма-қол ақшаның нақты сомасы әзірге белгісіз. Сонымен қатар сөмкенің ішінде зергерлік бұйымдардың биркалары сақталған.
“Анамның Kaspi Bank шотында шамамен 2-3 миллион теңге болған. Бұл ақшаны анам ағаммен бірге егістік алқабында жұмыс істеп тапқан және үйді жөндеуге деп жинап жүрген”, – деп жазды Милана.
Оның айтуынша, анасының телефонын полиция қызметкерлері алып кеткен. Алайда отбасы құрылғының қазір қайда сақталып жатқанын және онымен қандай әрекеттер жасалғанын білмейді. Олар телефондағы хат алмасулар мен қоңыраулар тарихы өшіріліп кетуі мүмкін деп алаңдайды.
Медициналық мекеме қызметкерлеріне де қатысты сұрақтар бар
Милана медициналық қызметкерлердің әрекеттеріне қатысты да түсініксіз жағдай болғанын айтты. Оның сөзінше, аурухана қызметкерлері бастапқыда отбасынан қажетті заттарды әкелуді сұраған. Алайда кейін олардан коньяк сұраған.
“Біз басқа бір зат туралы айтып тұрған шығар деп ойладық. Бірақ кейін олар ештеңе қажет емес екенін айтты. Бізде осы жағдайға қатысты дәлелдер бар және оларды тиісті органдарға ұсынуға дайынбыз”, – деп жазды ол.
Отбасы істі ерекше бақылауға алуды сұрайды
Милана Мазабекова Жамбыл облысының Полиция департаментіне, прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және басқа да жоғары тұрған мемлекеттік органдарға үндеу жолдады. Отбасы істі ерекше бақылауға алуды, полиция қызметкерлерінің әрекеті мен әрекетсіздігін тексеруді, анасының бұрын да тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайларын анықтауды сұрайды.

Сондай-ақ олар күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасының не себепті қолданылмағанына құқықтық баға беруді, жоғалған алтын әшекейлер мен ақшаның тағдырын анықтауды, телефондағы электрондық дәлелдерді сақтауды және медициналық мекеме қызметкерлерінің әрекеттерін тексеруді талап етеді.
“Біз ешқандай артықшылық немесе заңсыз әрекет талап етпейміз. Біз тек анамыз Мазабекова Гүлнара үшін әділдік талап етеміз. Анамыздың жағдайының өте ауыр екенін ескере отырып, екі айлық тергеудің аяқталуын күтпей, қажетті тергеу әрекеттерін шұғыл жүргізулеріңізді сұраймыз”, – деп түйіндеді Милана.
Оқиға облыстық департаменттің жеке бақылауында
Жамбыл облысының Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
“Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті зерттеулер тағайындалды. Тергеу барысы облыстық Полиция департаментінің бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Талдықорғанда ер адам екі түннің ортасында өзінің әйелін суық қарумен қуып, оны бірнеше рет соққыға жыққан. Әйелдің сөзінше, күйеуі оған 2 жыл бойы қорлық көрсетіп келген.
"Анам комада жатыр": Жамбыл облысында әйел бұрынғы күйеуінің үйінен ауыр жарақатпен табылды