Huawei компаниясы АҚШ-тың коммерциялық құпиясын ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды
АҚШ соты Қытайдың Huawei компаниясын коммерциялық құпияны ұрлауға сөз байласқаны және банктерді алдағаны үшін кінәлі деп тапты. Алайда компания ұйымдасқан қылмыстық топ құру айыбы бойынша ақталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Екі айға созылған сот процесінде прокурорлар Huawei компаниясын нарықтағы бәсекелестерінен озып шығу үшін түрлі заңсыз әрекеттерге барды деп айыптады. Олардың сөзінше, компания өтірік айтып, алаяқтық жасаған және өзге компаниялардың технологиялық құпияларын ұрлаған.

Ал Huawei қорғаушылары прокурорлар компанияны әуел бастан қылмыстық ұйым ретінде көрсетіп, айыптау ісін осы ұстанымға сүйеніп құрғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, компанияның жетістігі заңсыз әрекеттердің емес, өз технологияларын дамыту мен инновациялардың нәтижесі.
Huawei компаниясы сот үкімінен кейін мәлімдеме жасады. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құру айыбы бойынша ақталуын “тағылған айыптардың нақты негізі жоқ екенін растайды” деп мәлімдеді. Сонымен қатар компания өз құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін барлық заңды шараны қолданатынын жеткізді.
Бруклиндегі сот алқасы Huawei-ді тағылған 12 айыптың 10-ы бойынша кінәлі деп тапты. Олардың қатарында АҚШ санкцияларын бұзу мақсатында сөз байласу да бар.
Алайда алқабилер компанияны ұйымдасқан қылмыстық топ құруға бағытталған сөз байласу айыбы бойынша кінәлі деп танымады. Бұл айып бойынша Huawei-дің қылмыстық ұйым секілді әрекет еткені дәлелденуі керек еді.
АҚШ федералдық прокурорлары Huawei-ге қатысты айыптарды алғаш рет 2019 жылы жариялаған. Бұған дейін, 2018 жылдың соңында, компанияның жоғары лауазымды басшыларының бірі Мэн Ваньчжоу Канадада тұтқындалған еді.
Кэти Мэн есімімен де танымал Мэн Ваньчжоу Канадада үш жыл бойы үйқамақта болды. Кейін АҚШ прокуратурасымен жасалған келісімнен соң Қытайға оралуына мүмкіндік берілді.
Өткен аптада соттағы қорытынды сөзінде АҚШ прокурорының көмекшісі Мередит Арфа Huawei компаниясы 20 жыл бойы бизнесін кеңейту үшін ештеңеден тайынбағанын айтты. Оның сөзінше, компания Ирандағы қызметіне қатысты банктерге жалған ақпарат беріп, бәсекелестерінің технологиялық құпияларын ұрлаған.
АҚШ-тың бас прокуроры Тодд Бланш та мәлімдемесінде Huawei мен оның үш еншілес компаниясы АҚШ-та ондаған жыл бойы алдау мен ұрлыққа негізделген әдістермен жұмыс істегенін айтты.
“Федералдық тергеу бюросы мен прокурорлар жұмысының арқасында мұндай қылмыстық әрекеттерге барғандар жауапқа тартылады”, – деді ол.
Қытай үкіметі АҚШ-тың бұл әрекетін Қытай компанияларын “қысымға ал” деп бағалап, өз компанияларының мүддесін қорғауын қолдайтынын мәлімдеді.
Ал Huawei адвокаты Брайан Хеберлиг компанияның жетістігі ұзақ жылғы еңбектің арқасында келгенін айтты. Оның сөзінше, бүгінде Huawei әлемнің 170 елінде жұмыс істейді және 200 мыңнан астам қызметкері бар.
Сот үкімінен кейін BBC-ге сұхбат берген Хеберлиг компанияның ұйымдасқан қылмыстық топ құру туралы айып бойынша ақталғанына қанағаттанғанын жеткізді.
“RICO заңы бойынша тағылған айып Huawei-ді қылмыс жасауды корпоративтік мәдениеті мен саясатына айналдырған жемқор ұйым ретінде көрсетуге тырысты. Біздің ойымызша, бұл – айыптаудың шектен шығуы. Алқабилер бұл айыпты негізсіз деп таныды”, – деді адвокат.
Сонымен қатар ол қалған айыптар бойынша шығарылған үкімге компанияның көңілі толмайтынын айтты. Қорғаушылар Huawei барлық айып бойынша ақталуға лайық еді деп есептейді.
Компанияға қатысты жаза 2027 жылдың қыркүйегінде тағайындалмақ. Хеберлиг сотта мүмкіндігінше жеңіл жаза тағайындау үшін бар күшін салатынын айтты. Сонымен қатар Huawei үкімге міндетті түрде апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.
“Huawei-ді жақсы білемін. Компания бұл күресті жалғастырады. Өз ұстанымын қорғау үшін апелляцияның барлық мүмкіндігін пайдаланып, түптің түбінде толық ақталады”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-тың OpenAI компаниясы әзірлеген жасанды интеллект агенті Аустралия үкіметінің жабық деректері бар порталын бұзып кіргені туралы жазған едік.