OpenAI-дің Astra моделі ондаған жыл бойы шешілмеген 10 ғылыми мәселенің жауабын тауып, дәлелдерін жариялады

OpenAI компаниясының ішкі қолданыстағы Astra атты жасанды интеллект моделі математика мен информатика саласында ондаған жыл бойы шешімін таппай келген 10 ғылыми мәселені шешіп, олардың толық математикалық дәлелдерін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі SiliconAngle-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Компания 249 беттен тұратын ғылыми жинақты және Lean 4 жүйесінде рәсімделген цифрлық дәлелдеу сертификаттарын GitHub платформасында Apache 2.0 лицензиясымен жариялады. Astra жасаған барлық дәлел компьютерлік жүйе арқылы толық тексеріліп, логикалық қателік пен олқылық анықталмаған.
Шешімін тапқан мәселелердің қатарында 1980 жылы ұсынылған Коннның қатаңдық гипотезасын жоққа шығару, несофикалық топтың өмір сүретінін дәлелдеу, сондай-ақ көптүсті Рамсей сандарына қатысты әйгілі математик Пол Эрдёштің 183-мәселесін шешу бар.
Сонымен қатар Astra көпөлшемді кеңістіктегі шарларды тиімді орналастыру, кванттық қайталау теориясы және алгоритмдердің күрделілігі сияқты күрделі ғылыми бағыттарда да жаңа нәтижелерге қол жеткізген.
Astra – бірнеше жасанды интеллект агентінің жұмысын үйлестіріп, аса күрделі ғылыми есептерді ұзақ уақыт бойы зерттеуге арналған жаңа жүйе. OpenAI зерттеушісі Ноам Браунның айтуынша, бұл жұмыстарды орындауға жұмсалған есептеу шығыны шамамен 2 мың доллар.
Дегенмен, ұсынылған барлық нәтиже әлі де тәуелсіз ғалымдардың ғылыми сараптамасынан өтуге тиіс. Егер олар расталса, бұл жаңалық математика мен жасанды интеллект тарихындағы ең ірі жетістіктердің бірі болуы мүмкін.
Блогер Бота Мианың Қазақстан туын ат үстіне жабуы заң бұзу болып есептеле ме, ол үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін
Оқыңыз