Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Яндекс" сервистеріндегі ақау мен жеке деректердің таралуы: Бас прокурор тексеру жүргізуді тапсырды

Яндекс бас прокуатура
Фото: fintech-retail.com

Қазақстанның Бас прокуратурасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің қызметіне кешенді тексеру жүргізіп жатыр. Сонымен қатар ведомствоға "Яндекс" сервистеріндегі ақауға және қазақстандықтардың жеке деректерінің ашық жариялануына байланысты тексерулер жүргізу тапсырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2026 жылғы 12 қарашада депутат Ләззат Жылқыбаеваның сауалына жолдаған ресми жауабында Бас прокурор Берік Асылов көтерілген мәселелердің азаматтар үшін де, елдің ұлттық қауіпсіздігі үшін де маңызды екенін атап өтті.

"Жеке деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығы Конституцияның 21-бабымен кепілдендірілген. Бұл құқықтың сақталуын қамтамасыз ету прокурорлық қадағалаудың басым бағыттарының бірі саналады", – делінген Бас прокурордың жауабында.

Қазір Бас прокуратура жеке деректерді қорғау саласында мемлекеттік бақылау жүргізетін Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің қызметін тексеріп жатыр. Тексеру барысында жеке деректерді жинау, сақтау және беру заңдылығы, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғау үшін қабылданып жатқан шаралардың жеткіліктілігі зерттеледі. Оның қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.

Бұдан бөлек, Бас прокуратура Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне үш дерек бойынша тексеру жүргізуді талап еткен:

  • "Яндекс" компаниясының сервистеріндегі ақау;

  • Қызылорда облысы Шиелі ауданының білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жеке деректерінің ашық қолжетімділікке жариялануы;

  • Семей қаласындағы мектеп қызметкерлері мен оқушыларының жеке деректерінің жариялануы.

Бас прокуратура тексерулердің барысын бақылауда ұстап отыр.

Еске салсақ, қазан айының басында Қазақстанда "Яндекс" такси мен курьерлік қызметтер істен шыққаны туралы жазған едік. 8 қазанға қараған түні Ресейдің Сасово қаласындағы “Яндекс” компаниясының дата-орталығына дрондар шабуыл жасағаны белгілі болды. Соққыдан кейін нысанда өрт шығып, инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған. Соның салдарынан орталықтың жұмысын толық тоқтатуға тура келген.

Осы оқиғадан кейін Қазақстанның жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі "Яндекс" сервистеріне қатысты жағдайға түсініктеме беріп, қазақстандықтардың дербес деректеріне қатысты алаңдаушылықтың еш негізсіз екенін мәлімдеді. 

"Яндекстегі" ақаудан кейін Құрылтай депутаттары қазақстандықтардың дербес деректеріне қатысты тексеру жүргізуді сұраған еді.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 15 Қараша, 2026 12:51