Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Яндекстегі" ақау: Қазақстандықтардың жеке деректеріне қандай қауіп бар

Яндекс такси
Фото: Әлеуметтік желіден

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі "Яндекс" сервистеріне қатысты жағдайға түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Ведомствоның мәлімдемесінде қазақстандықтардың дербес деректеріне қатысты алаңдаушылықтың еш негізсіз екенін айтылған.

"Яндекс“ сервистерінің жұмысындағы іркілістер Қазақстан азаматтары күнделікті пайдаланатын цифрлық платформалардың сенімділігіне қатысты орынды сұрақтар туындатты. Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және штаттық режимде жұмыс істеп тұр", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар бұл платформаның толықтай дербес жұмыс істейтінін білдірмейді. Министрліктің мәлімдеуінше, такси және жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті кейбір компоненттер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан.

"Сервистердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету пайдаланушылар үшін аса маңызды. Осыған байланысты деректерді Қазақстан аумағында сақтау және цифрлық платформалардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету – кешенді шешімді қажет ететін екі бөлек міндет", – деп атап өтті Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.

Қазір "Яндекс" сервистердің жұмысын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік қажетті қолдау көрсету үшін компаниямен және Қазақстанның инфрақұрылымдық ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеп тұр.

 Сонымен қатар жүктеменің артуы жағдайында олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында басқа да такси және жеткізу платформаларымен жұмыс жүргізіліп жатыр, деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметі.

Не болды?

8 қазанға қараған түні Рязань облысының Сасово қаласындағы “Яндекс” компаниясының дата-орталығына дрондар шабуыл жасаған. Соққыдан кейін нысанда өрт шығып, инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған. Соның салдарынан орталықтың жұмысын толық тоқтатуға тура келген.

Компания шабуыл болғанын растады және зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Қазір оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп, мамандар зақымданған жүйелерді қалпына келтіріп жатыр.

Компания мәліметінше, “Яндекстің” негізгі қызметтері әдеттегі режимде жұмысын жалғастырған. Дегенмен пайдаланушылар “Яндекс.Диск”, “Яндекс.Документы”, сайттар мен мобильді қосымшалардың жұмысында ақау барын хабарлаған.
Yandex Cloud парақшасында да дата-орталық аймақтарының бірінде электр қуатына қатысты мәселе туындағаны жазылған. Клиенттерге уақытша басқа аймақтарды пайдалану ұсынылған.

Downdetector деректеріне сәйкес, жаппай шағымдар Мәскеу уақытымен шамамен сағат 02:00-де, Астана уақытымен 04:00-де түсе бастаған. Бір тәулікте 1,5 мыңға жуық шағым тіркелген.

Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігі шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алғанын хабарлаған еді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 12 Қазан, 2026 08:03