Қазақстанда "Яндекс" такси мен курьерлік қызметтер істен шықты
11 қазанда Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлерге арналған “Яндекс” сервистері қолжетімсіз болып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желідегілер не дейді?
Қазақстандықтар желіде жаппай Яндекс-тің жұмыс істемей тұрғанын жарыса жазып жатыр.
“Алматыда бүгін бәрінде Яндекс істемей тұр ма? Мен Яндекс курьерлерінің қызметін жиі пайдаланамын. Клиентке жеткізу жіберуім керек еді, енді не істерімді білмей отырмын. Қосымшада көлік жоқ деп көрсетіп тұр”, – деп жазды бірі.

“Біреу Яндекс неге істемей тұрғанын біле ме? WB таксиі де жұмыс істемейді, My Taxi де көлік таппай тұр. Не болып қалды?”, – деп жазды бірі.
“Таңертең жұмысқа жиналып жаттым. Яндекске кіріп, такси шақырмақ болдым. Қосымша ұзақ жүктеліп, ақырында "Бос көлік жоқ" деп шықты. Uber-ге кіріп көрдім, онда да сол жағдай. Әдетте жұмысқа Comfort+ тарифімен 2 200 теңгеге дейін жететін едім. InDrive-ты ашсам, бағасы шарықтап кетіпті. "Біздің такси қызметтері тағы да бағаны көтерген екен" деп ойладым. Жарайды, 2 500 теңгеге ескі көлікті шақырдым. Отырып алып, жүргізушіден сұрадым:Не болды? Неге қосымшалар жұмыс істемей тұр? Ол сабырмен ғана: Яндексті жарып жіберіпті, деді”, – деп жазды бірі.
“Яндекс Go жұмыс істемей тұр. Меніңше, бұл ұзаққа созылуы мүмкін. Егер Украина Қарулы күштері қалған үш дата-орталықтың тағы біреуін істен шығарса, сервистердің жұмысы бұзылуы мүмкін. Олардың тағы бір дата-орталыққа соққы беру ықтималы өте жоғары. Бұл маркетплейстер емес, тауарларды басқа қоймаларға бөліп орналастыра салуға болмайды. Тіпті резервтік жүйелер жақсы жолға қойылған күннің өзінде, есептеу қуаты сервистердің бұрынғы көлемде жұмыс істеуіне жетпеуі мүмкін. Ал санкцияларға байланысты бұл қуаттарды қалпына келтіру қиын. Дәл қазір қосымша бірде-бір бос көлікті көрсетпей тұр. Жүйе оларды мүлде таппай жатыр”, – деп жазды бірі.
“Яндекс Go” тарапы не деп жауап берді?
Яндекс Go тарапы қазір сервистер дұрыс жұмыс істемеуі немесе уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін екенін айтты.
“Бұл жағдай көптеген адамның күнделікті жоспарына әсер етіп, жүргізушілер мен курьерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтіріп отырғанын түсінеміз. Қолайсыздыққа тап болған барлық адамнан шын көңілден кешірім сұраймыз. Техникалық мамандарымыз сервистердің жұмысын қалпына келтіруге бар күшін салып жатыр. Олардың қашан толық іске қосылатынын әзірге нақты айта алмаймыз. Бірақ қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз”, – делінген жауапта.
Оған қоса Яндекс Go Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтінін мәлімдеді.
“Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері Қазақстан аумағындағы серверлерде, ел заңнамасына сәйкес олардың тиісті деңгейде қорғалуын қамтамасыз ететін шарт аясында сақталады. Дегенмен, цифрлық сервистердің жұмысын қамтамасыз ету үшін бірнеше елге таралған есептеу инфрақұрылымы пайдаланылады. Оның жекелеген технологиялық бөліктері түрлі елдегі серверлерде орналасуы мүмкін. Сондықтан осы бөліктердің бірінде туындаған мәселе бірнеше елдегі сервистердің қолжетімділігіне әсер етуі ықтимал”, – делінген жауапта.
Сонымен қатар компания сервистер жұмысына қатысты жаңалықтарды қолданушыларға, жүргізушілер мен курьерлерге ресми ақпарат арналары арқылы хабарлап отыратынын жеткізді.
Не болды?
8 қазанға қараған түні Рязань облысының Сасово қаласындағы “Яндекс” компаниясының дата-орталығына дрондар шабуыл жасаған. Соққыдан кейін нысанда өрт шығып, инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған. Соның салдарынан орталықтың жұмысын толық тоқтатуға тура келген.
Компания шабуыл болғанын растады және зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Қазір оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп, мамандар зақымданған жүйелерді қалпына келтіріп жатыр.
Компания мәліметінше, “Яндекстің” негізгі қызметтері әдеттегі режимде жұмысын жалғастырған. Дегенмен пайдаланушылар “Яндекс.Диск”, “Яндекс.Документы”, сайттар мен мобильді қосымшалардың жұмысында ақау барын хабарлаған.
Yandex Cloud парақшасында да дата-орталық аймақтарының бірінде электр қуатына қатысты мәселе туындағаны жазылған. Клиенттерге уақытша басқа аймақтарды пайдалану ұсынылған.
Downdetector деректеріне сәйкес, жаппай шағымдар Мәскеу уақытымен шамамен сағат 02:00-де, Астана уақытымен 04:00-де түсе бастаған. Бір тәулікте 1,5 мыңға жуық шағым тіркелген.
Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігі шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алғанын хабарлаған еді.
Алаяқтар қазақстандық әйелдің атынан банк картасын ашып, аударымдар жасаған: Енді оған қылмыстық іс қозғалуы мүмкін
