"Яндекстегі" ақау: Депутат қазақстандықтардың дербес деректеріне қатысты тексеру жүргізуді сұрады
"Әділет" партиясы фракциясының депутаттары Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов пен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады. Олар "Яндекс" сервистеріндегі ақаудан кейін азаматтардың дербес деректерінің қорғалуына қатысты тексеру жүргізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттардың айтуынша, 11 қазанда қазақстандықтар "Яндекс" компаниясының кейбір сервистерін пайдалана алмаған. Компания мұның себебі шетелдегі инфрақұрылымда болған ақау деп көрсетті. Ал министрлік пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер Қазақстанда орналасқанымен, кейбір компоненттердің ел аумағынан тыс жерде екенін растаған.
“Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді”, – деп жазды депутаттар.
Сондай-ақ олар дербес деректердің ашық жариялануына назар аударды. Олардың мәліметінше, жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің жеке деректерін мемлекеттік сатып алу порталында жариялаған. Ал Семейде қызметкерлермен бірге 344 кәмелетке толмаған баланың деректері жарияланған.
Депутаттар бұл жағдайда ақпараттық жүйелерді бұзудың қажеті болмағанын, деректерді қорғауға міндетті ұйымдардың өздері оларды ашық жариялағанын атап өтті.

Олар азаматтардың деректері мемлекеттік қызметтерді алу, банкке жүгіну, емханаға тіркелу немесе баланы мектепке орналастыру кезінде жиналатынын еске салды. Алайда бұл мәліметтерге кімнің қол жеткізетіні және қандай мақсатта пайдаланылатынына қатысты бақылау мәселесі әлі де өзекті. Әсіресе балалардың тұрғылықты жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы олардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін екенін жеткізді.
Осыған байланысты депутаттар бірнеше ұсыныс айтты:
- 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің шетелге берілуінің заңдылығын тексеру;
- Әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың дербес деректерді жинау тәртібінің заңға сәйкестігін анықтау;
- Дербес деректерді ашық жариялау кезінде оларды бүркемелеу талаптарының сақталуын тексеру;
- Осы сала мамандарының біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдарға арналған бірыңғай тексеру әдістемесін әзірлеу;
- Дербес деректері заңсыз жарияланған азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру тетіктерінің тиімділігін қамтамасыз ету.
Депутаттардың пікірінше, цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтардың жеке деректерінің қорғалатынына деген сенімнен басталады.
Не болды?
8 қазанға қараған түні Рязань облысының Сасово қаласындағы “Яндекс” компаниясының дата-орталығына дрондар шабуыл жасаған. Соққыдан кейін нысанда өрт шығып, инфрақұрылымның бір бөлігі зақымданған. Соның салдарынан орталықтың жұмысын толық тоқтатуға тура келген.
Компания шабуыл болғанын растады және зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Қазір оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп, мамандар зақымданған жүйелерді қалпына келтіріп жатыр.
Компания мәліметінше, “Яндекстің” негізгі қызметтері әдеттегі режимде жұмысын жалғастырған. Дегенмен пайдаланушылар “Яндекс.Диск”, “Яндекс.Документы”, сайттар мен мобильді қосымшалардың жұмысында ақау барын хабарлаған.
Yandex Cloud парақшасында да дата-орталық аймақтарының бірінде электр қуатына қатысты мәселе туындағаны жазылған. Клиенттерге уақытша басқа аймақтарды пайдалану ұсынылған.
Downdetector деректеріне сәйкес, жаппай шағымдар Мәскеу уақытымен шамамен сағат 02:00-де, Астана уақытымен 04:00-де түсе бастаған. Бір тәулікте 1,5 мыңға жуық шағым тіркелген.
Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігі шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алғанын хабарлаған еді.