Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зімбір шайы мен салқын суға түсу": Дәрігер қыста ағзаны қалай қорғау керегін түсіндірді

қыста ағзаны қалай қорғау керек
Фото: magnific.com

Қыста тұмау мен вирустық инфекциялар күшейеді. Осы кезеңде ағзаны қалай қорғауға болады? Иммунитетті нығайту үшін қандай әдеттерден бас тартқан жөн және ағзаны суыққа қалай дұрыс бейімдеу керек? Хирург Александр Умнов қысқа дайындық кезінде нені ескеру керегін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  "Газете.Ru" порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Дәрігер ағзаны қысқа неғұрлым ертерек бастаған жөн екенін ескертті. Айтуынша осы тұста иммунитетке аса мән берген жөн.

“Иммунитет – адам ағзасындағы көптеген жүйенің үйлесімді жұмысы. Оған күнделікті өмір салтымыз тікелей әсер етеді. Ең алдымен, ұйқыға мән беру керек. Себебі ұйқы кезінде ағзаның қорғаныс жасушалары қалпына келеді. Ал үнемі ұйқы қанбауы ағзаның инфекцияларға қарсы тұру қабілетін айтарлықтай төмендетеді. Екінші маңызды нәрсе – дұрыс тамақтану. Ас мәзірінде ақуыз, көкөністер мен көк шөптер жеткілікті болуы керек. Күз бен қыста D дәруменін дәрігермен кеңескеннен кейін қабылдаған жөн”, – деді ол.

Маман дене белсенділігін ұмытпауға кеңес берді. Айтуынша күніне 30-40 минут жаяу жүрудің өзі қан айналымын жақсартып, иммундық жүйенің жұмысына оң әсер етеді.

Хирург ағзаны суыққа біртіндеп үйрету керегін атап өтті. Оның айтуынша, бұл дененің температура өзгерістеріне бейімделуіне көмектеседі.

"Шынығудың мақсаты – қан тамырларының реакциясын жаттықтырып, ағзаны температураның өзгеруіне бейімдеу. Бұл мұздай суды үстіңе құйып, тоңып тұрсаң да шыдау деген сөз емес. Алдымен әдеттегі жуынуды аяқтағанда 30 секунд салқын сумен шайынудан бастаңыз. Кейін судың температурасын біртіндеп төмендетіп, уақытын ұзартыңыз. Бастысы бойыңызда жағымды сергектік сезілуі керек. Ал қалтырау немесе терінің көгеруі қалыпты жағдай емес”, – деп түсіндірді ол.

Дәрігер мұндай процедурадан кейін ұзақ уақыт тоңып немесе ауырып қалған жағдайда шынығу қарқынын азайту керек екенін айтты.

“Ал шай мен шөп тұнбалары өздігінен иммунитетті көтермейді. Дегенмен жылы сусын ішу пайдалы. Жылы сусындар ағзадағы сұйықтықтың жеткілікті болуына көмектеседі. Сонымен қатар мұрын мен тамақтың шырышты қабатын ылғалдандырады. Бұл қабаттар вирустардың ағзаға енуіне кедергі жасайды. Ал зімбір, бал, лимон мен итмұрын қосылған шай ішкенде бой жылынады, ағза С дәруменін алады. Дегенмен мұндай сусындар ауруды емдемейді, тек ағзаны қосымша қолдайды", – деп түсіндірді сарапшы.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға маргарин, чипсы мен фастфудты көп тұтынбауға кеңес берілген еді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл өнімдердің құрамында кездесетін транс майлар жүрек аурулары мен қант диабетінің қаупін арттыратынын ескертті. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 18:38