"Әріптестерін талқылауға шақырған": Ақтөбелік фермер чаттағы хабарламасы үшін 15 тәулікке қамалды
Ақтөбелік фермер Марлен Баймағамбетов әріптестерін дизель отынының қымбаттауын талқылауға шақырғаны үшін 15 тәулікке қамалды. Ол митинг өткізуді жоспарламағанын айтқанымен, сот фермердің әрекетін заңсыз бейбіт жиын ұйымдастыруға шақыру деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ол бұл ұсынысын Ақтөбе фермерлер орталығының 500-ден астам мүшесі бар ортақ чатына жазған.
Фермер бұған дейін әлеуметтік желіде дизель отынының қымбаттауына да шағымданған. Оның айтуынша, тамыздан қарашаға дейін жанармай бағасы ай сайын бірнеше теңгеге өскен. Сонымен қатар көрші елден арзан астықтың көптеп келуі жергілікті шаруалардың өз өнімін тиімді бағамен сатуына кедергі келтіріп отыр.
Баймағамбетов шаруалар астықты делдалдарға арзанға өткізуге мәжбүр екенін, соның салдарынан келесі маусымға дайындыққа қаражат жетпей қалатынын айтқан.
Фермердің үндеуіне әзірге ауыл шаруашылығы басқармасы ғана жауап берді. Басқарма мәліметінше, өңірдегі дизель отынын жеткізетін оператор бағаны негізсіз көтермейді. Шаруаларға арналған жеңілдетілген жанармайдың бағасы зауыттағы құнға байланысты өзгереді.
Фермер сотта өз кінәсін мойындамады. Ол митинг өткізуді жоспарламағанын, тек шаруалардың мәселесіне журналистердің назарын аударғысы келгенін түсіндірді. Кейін ортақ чатта әріптестерінен жиналмауды да сұрағанын айтты.

Алайда сот оның әрекетін бейбіт жиналыс ұйымдастыру тәртібін бұзу деп бағалады. Себебі кездесуге дейін әкімдікке хабарлама берілмеген. Нәтижесінде Баймағамбетов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қорғау тарапы сот шешіміне шағым түсірмек.
Атырау мұнай өңдеу зауытында күзгі дала жұмыстарына арналған дизель отынының тоннасы қыркүйекте 307,4 мың теңге, қазанда 314,5 мың теңге, ал қарашада 319,3 мың теңге болған.
Еске салсақ, бұған дейін Энергетика министрі Аи-92-нің бағасы 300 теңгеден асуына байланысты пікір білдірген еді. Ол бензин мен дизель отынының бағасы күрт өссе, мемлекет шара қолданатынын мәлімдеді.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма