Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Аи-92-нің бағасы 300 теңгеден аса ма: Энергетика министрі жауап берді

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов
Фото: Stan.kz

Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы күрт өссе, мемлекет шара қолданады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2027 жылдың соңына қарай АИ-92 бензині 300 теңгеден, ал дизель отыны 400 теңгеден асуы мүмкін деген болжамға қатысты сұраққа осылай жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алайда министр 2027 жылға арналған баға болжамын айтпады. Оның сөзінше, жанармай бағасы ішкі сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасады. Ол АИ-92 бензинінің литрі 253–271 теңгеден, ал дизель отыны 356–367 теңгеден сатылып жатқанын айтты.

"Баға күрт өссе, мемлекет оны тежеу үшін қажетті шараларды қабылдайды. Бұған қажетті құралдарымыз бар. Ең алдымен, елдегі бензин мен дизель отынының қоры жеткілікті, әрқайсысы 400 мың тоннадан асады", – деді ол.

Ақкенженовтың айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары қалыпты жұмыс істеп тұр, жанармай қалаларға кестеге сай жеткізіліп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар жанармай бағасының 260 теңгеден асқанына алаңдаушылық білдірген еді. Экономист Айбар Олжай бензиннің қымбаттауын мемлекет тарапынан бағаға қойылған шектеулердің алынуымен байланыстырды. Оның болжамынша, алдағы уақытта жанармай бағасы 300 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Ал қаржылық кеңесші Арман Байғанов бағаның өсуіне инфляция, акциз мөлшерінің өзгеруі және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту шығындары әсер ететінін айтты.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 10:55