Сарапшылар Қазақстанда қараша айында жанармай бағасы өседі деп болжады
Қазақстанда бензин мен дизель отыны осы айдың өзінде қымбаттауы мүмкін. Алайда сарапшылар жанармай құю бекеттеріндегі баға біртіндеп әрі әркелкі өседі деп болжап отыр. Бағаның күрт көтерілуіне жанармай қоры мен нарықтағы бәсекелестік тосқауыл болуы мүмкін. Ал инфляция мен дизель отынының қысқы маркасына көшу, керісінше, бағаның өсуіне әсер етуі ықтимал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазан айында жанармай нарығында салыстырмалы түрде тұрақтылық байқалғанымен, қарашада Қазақстанда баға қайта өзгермек. Өткен айда бензин бағасы негізінен арзандап, дизель отынының құны тұрақты болды. Алайда сарапшылардың болжамынша, қараша айында ірі жеткізушілер АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының көтерме бағасын тоннасына 10 мың теңгеге дейін қымбаттатуы ықтимал. Дегенмен олар жанармай бағасы күрт өседі деп санамайды.
“Жанармайдың тоннасына 10 мың теңге қосылса, бұл бір литр бензин бағасының шамамен 7-8 теңгеге өсуіне тең. Ал дизель отынының бір литрі шамамен 9 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Дегенмен жиналған қор мен жеткізушілер арасындағы бәсекелестік бұл өсімді тұтынушыларға бірден толықтай аударуға жол бермеуі мүмкін. Сондықтан баға біртіндеп әрі өңірлерге қарай әртүрлі деңгейде көтеріледі деп ойлаймын, – дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Ануар Қожаебеков.
Соған қарамастан, қазақстандықтар жанармай бағасының өскенін байқайды. Бензин мен дизель отыны нарығындағы жағдай әртүрлі. Бензин бағасы көбіне қор көлемі мен жеткізушілер арасындағы бәсекелестікке байланысты болса, дизель отынының құнына маусымдық фактор да әсер етеді. Күн суытқан сайын төмен температураға төзімді қысқы дизель отынына сұраныс артады.
Мамандардың пікірінше, мұнай өңдеу зауыттары үздіксіз жұмыс істеп, жанармай уақытылы жеткізілсе, бағаның айтарлықтай қымбаттауына жол бермеуге болады. Алайда жанармай құнына ішкі факторлар ғана емес, сыртқы жағдайлар да әсер етеді.
“Қазақстанда инфляция болғанша, жанармай бағасы бәрібір өсе береді. Бұл – бір-бірімен тығыз байланысты үдерістер. Сонымен қатар жанармай бағасына әсер ететін сыртқы факторды да атап өткен жөн. Мысалы, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты елдерде жанармай бағасы әлдеқайда жоғары. Бұл да Қазақстанның ішкі нарығына қысым түсіреді”, – дейді R-FINANCE қаржы кеңесшісі Арман Байғанов.
Қазір жанармай бағасы өңірлер мен жанармай құю бекеттеріне қарай айтарлықтай ерекшеленеді. Мысалы, Астана мен Алматыда АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі шамамен 253 теңгеден сатылса, Шымкентте 238 теңгеден басталады. Ал АИ-95 маркалы бензиннің бағасы 60-70 теңгеге қымбат.
Дизель отынының бағасы бұдан да жоғары. Сонымен қатар соңғы бір жылда АИ-92 маркалы бензин 12%-ға, ал АИ-95 маркалы бензин 15%-ға қымбаттаған. Сарапшылар жанармай бағасы алдағы уақытта да өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда бағаның өсу қарқыны нарықтағы жағдай мен отын жеткізу көлеміне байланысты болады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бензин мен дизель отынына салынатын қосымша акциздің үлесін 95%-дан 50%-ға дейін төмендету ұсынылғаны туралы жазған едік.
Фельдшерден қандықол қылмыскерге дейін: Өскеменді үрейде ұстаған Сергей Яровой деген кім
