Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қоңырау шалып, қорқытып, соңынан қалмаған": Алматыда әйелге сталкинг жасаған 52 жастағы ер адам ұсталды

Сталкинг
Фото: Depositphotos.com

Алматыда 35 жастағы әйелді ұзақ уақыт бойы аңдып, қайта-қайта хабарласып, күш қолданатынын айтып қорқытқан 52 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алатау ауданының полициясына 35 жастағы әйел арызданған. Оның сөзінше, өзін жақсы танымайтын ер адам ұзақ уақыт бойы тыныштық бермей, жүйелі түрде хабарласып, күш қолданатынын айтып қорқытқан әрі қалаусыз байланысын тоқтатпаған. Қайта-қайта қоңырау шалу, балағаттау, күш қолданамын деп қорқыту және соңынан қалмай аңдыған.

Кейін полиция сталкинг дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша күдіктіні ұстаған.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, әйел өз сөзін растау үшін WhatsApp желісіндегі хат алмасулар мен телефон арқылы сөйлескен аудиожазбаларды ұсынған.

Полицейлер 52 жастағы ер адамды анықтап, бөлімшеге жеткізген. Жауап алу кезінде ол кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 115-1-бабында көзделген.мұндай әрекет жасаған адамға 200 АЕК-ке 865 000 теңгеге дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ заңда түзеу жұмыстары да қарастырылған.

Еске салсақ, заңгер жәбірленушілерге сталкингті қалай дәлелдеуге болатын  маңызды кеңес берген еді.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 08:05