Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сталкингті қалай дәлелдеуге болады? Заңгер жәбірленушілерге маңызды кеңес берді

сталкинг
Фото: Pixabay

 

Адамның соңынан қалмай жүру, қайта-қайта хабарлама жазу, қоңырау шалу немесе әлеуметтік желіде аңду кейде жай мазалау ретінде қабылданады. Алайда мұндай әрекеттер адамның жеке шекарасын бұзып, психологиялық қысымға ұласуы мүмкін. Сталкингті қалай тануға болады, оның адам психологиясына әсері қандай және мұндай жағдайда жәбірленуші өзін қалай қорғай алады? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап енгізілді. 2026 жылғы 9 маусымдағы мәлімет бойынша, сталкинг фактілері бойынша 83 қылмыстық іс сотқа жолданған. Алматыда 2026 жылдың басынан сәуір айының соңына дейін сталкингке қатысты 24 өтініш тіркелген. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы қалада осындай бір ғана өтініш түссе, 2024 жылы мұндай дерек тіркелмеген.

Сталкингке тап болған жағдайда не істеу керек?

Заңгер Халида Әжіғұлованың айтуынша, жәбірленуші ең алдымен қудалау фактісін растайтын дәлелдер жинап, өзіне келген зиянды көрсетуі қажет. Бұл адамның жеке құқықтарына, соның ішінде психологиялық және физикалық денсаулығына келтірілген зиян болуы мүмкін.

"Осыған байланысты психолог маманға жүгініп, одан ресми қорытынды алуға кеңес береміз. Мұндай құжатты кейін сотта дәлел ретінде пайдалануға болады. Ал жай ғана хат алмасу немесе телефон қоңырауларының тарихы қудалау фактісін дәлелдеуге жеткіліксіз болуы мүмкін.

Сондай-ақ жәбірленуші сталкерге онымен байланысқысы келмейтінін ашық айтуы керек. Яғни оған қоңырау шалмауын, хабарлама жазбауын тікелей ескертіп, кейін оның нөмірін бұғаттағаны жөн. Егер адам бұдан кейін де басқа нөмірлер мен аккаунттар арқылы хабарласуын жалғастырса, бұл қудалаудың тоқтамағанын дәлелдейтін маңызды айғаққа айналады", – деді заңгер.

Жәбірленушінің қарсылығына қарамастан сталкердің байланыс орнатуға, оны іздеуге немесе аңдуға әрекет жасауы полицияға арыз беруге негіз бола алады.

Қазақстанда сталкинг үшін қандай жаза қарастырылған?

Заңгердің айтуынша, Қазақстанда сталкинг үшін Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы – "Сталкинг" бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл бапқа сәйкес, құқық бұзушыға 200 АЕК-ке дейін (865 мың теңге) айыппұл салынуы немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылуы мүмкін. Сонымен қатар 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

"Алайда бұл жазаның барлығы міндетті түрде ең жоғары мөлшерде тағайындалады дегенді білдірмейді. Мысалы, сот 200 АЕК (865 мың теңге) емес, 20 АЕК (86 мың 500 теңге) көлемінде айыппұл салуы мүмкін. Сол сияқты қоғамдық жұмыс мерзімі 200 сағаттан аз немесе қамау мерзімі 50 тәуліктің орнына 10–20 тәулік болуы ықтимал. Жаза мөлшері істің мән-жайына қарай анықталады", – деді Халида Әжіғұлова.

Маманның айтуынша, сталкинг қылмыстық теріс қылық санатына жататындықтан, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді анықтаушылар жүргізеді. Олар дәлелдер жинап, тараптардан жауап алады, қажет болған жағдайда беттестіру өткізеді. Одан кейін іс материалдары прокуратураға жіберіледі. Прокуратурамен келісілген соң іс сотқа жолданады. Ал құқық бұзушыға қандай жаза тағайындалатыны туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Егер адам алдымен әйелді аңдып, кейін оған күш қолданса, оның әрекетінде бірден бірнеше құқық бұзушылық құрамы болуы мүмкін.

"Алғашқысы – сталкинг. Яғни басқа адамның еркінен тыс оны заңсыз аңду, іздеу немесе онымен байланыс орнатуға тырысу. Алайда сталкингтің өзіне физикалық зорлық-зомбылық жатпайды.

Мысалы, қудалаушы жәбірленушіге "сені өлтіремін", "сені ұрып-соғамын" деген мазмұндағы хабарламалар жіберуі мүмкін. Мұндай қорқытулар адамның бойында үрей туғызып, өз өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді деп алаңдауына себеп болады. Сондықтан осындай хабарламалар да сталкинг белгілерін көрсететін дәлелдердің бірі саналады. Дегенмен бұл хабарламалардың жәбірленушінің психологиялық жағдайына кері әсер еткенін де растау маңызды. Ол үшін психологтың қорытындысы қажет. Құқық бұзушылықты бағалау кезінде оның объективті және субъективті белгілері де ескеріледі", – деді заңгер.

Халида Әжіғұлованың сөзінше, егер қудалаушы физикалық күш қолданса, оның әрекеті Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша сараланады. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы – "Ұрып-соғу". Бұл бап денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпағанымен, жәбірленушіге физикалық ауырсыну тудырған әрекеттерге қатысты қолданылады.

"Егер күш қолдану салдарынан денсаулыққа жеңіл зиян келсе, мысалы, жабық сүйек сынуы, ми шайқалуы немесе ауыр соққыдан болған жарақаттар анықталса, әрекет Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы – "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша саралануы мүмкін", – деді заңгер Халида Әжіғұлова.

Сталкингке қатысты заң енгізілгеннен кейін не өзгерді?

Заңгердің пікірінше, сталкинг үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі Қазақстанда бірқатар оң өзгеріске жол ашты. Бұған дейін қудалауға тап болған адамдар кінәлілерді жауапқа тартуда қиындықтарға кезігетін.

"Ал қазір мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырылып, сталкингке қатысты сот тәжірибесі қалыптаса бастады. Ең бастысы, жәбірленушілердің әділдікке қол жеткізуіне мүмкіндік пайда болды. Сондықтан қазір негізгі міндет – осы заңнаманы іс жүзінде қолдану тәжірибесін жетілдіру. Әсіресе сталкингке тап болған адамдардың үнсіз қалмай, қорықпай полицияға жүгінуі маңызды", – деді заңгер.

Халида Әжіғұлованың айтуынша, қазіргі уақытта полиция органдарында сталкинг істерін тергейтін анықтаушыларға арнайы оқыту жүргізіліп жатыр. Оларға сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қалай жүргізу керектігі және қандай жайттарға назар аудару қажеттігі түсіндіріледі. Прокуратура да бұл мәселеге көңіл бөліп отыр.

Сталкинг пен жай мазалаудың айырмашылығы қандай?

Заңгердің сөзінше, сталкингке тап болған адам өз өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұр деп алаңдайды. Ал жай мазалау көбіне адамның ашуын келтіріп, тітіркендірумен шектеледі.

"Егер адамның әрекеті қорқыныш емес, тек ашу мен наразылық тудырса, бұл сталкинг болып саналмайды және қылмыстық жауапкершілікке негіз болмауы мүмкін", – деді заңгер.

Маманның айтуынша, сталкинг адамға қарсы жасалуы мүмкін әлдеқайда ауыр қылмыстардың алдындағы белгі болуы ықтимал. Қудалауға ұшыраған адам келесі жолы сталкердің өзіне күш қолдануынан, ұрып-соғуынан немесе басқа да заңсыз әрекетке баруынан қауіптенуі мүмкін.

Заңгердің сөзінше, сталкингке адамның әлеуметтік желілердегі парақшаларын жасырын бақылау, сондай-ақ оның қайда жүргенін анықтау үшін телефонына немесе басқа гаджеттеріне тыңшылық құрылғылар мен арнайы қосымшалар орнату сияқты әрекеттер де жатады.

"Мысалы, менің тәжірибемде сталкер жәбірленушіні үйінен жұмысқа дейін, жұмыстан үйіне дейін аңдыған жағдайлар болды. Әйел үйіне кіргеннен кейін де қудалау тоқтамаған. Сталкер көршілеріне қайта-қайта қоңырау шалып, есікті ашуды және оны үйге кіргізуді талап еткен.

Бұдан бөлек, сталкер жәбірленушінің жүрген жерін бақылау үшін оның Yandex Go аккаунтын бұзуға әрекеттенген. Сондай-ақ 2GIS қосымшасындағы аккаунтына заңсыз кіруге тырысып, оның қайда жүргенін анықтағысы келген", – деді заңгер.

Егер полиция арызды қабылдамаса, не істеу керек?

Заңгердің айтуынша, полиция әйелдің арызын қабылдамаған жағдайда, ол прокуратураға шағымдана алады. Сондай-ақ алдымен аумақтық полиция департаментіне шағым түсіріп, арыздың көшірмесін прокуратураға қатар жолдауға құқылы.

Сталкинг құрбанының психологиясына қалай әсер етеді?

Редакциямызға психолог Елена Распопова сұхбат берді. Оның айтуынша, қудалаушы адаммен қарым-қатынасты тоқтатқаннан кейін де әйел біраз уақыт мазасыздық, қорқыныш немесе үрей ұстамаларын сезінуі мүмкін. Бұл оның сол жағдайдан кейінгі психологиялық күйіне байланысты.

"Сталкинг құрбандарына көмек сұрау қиын болуы мүмкін. Себебі мұндай қудалауды дәлелдеу әрдайым оңай емес, кейде нақты айғақтар да болмауы мүмкін. Әйел айналасындағылар оны бәрін ойдан шығарып отыр немесе бұл оның қиялы деп қабылдай ма деп қорқады. Бұған қоса, беделіне нұқсан келуі, жақындары мен таныстарының сөгісі немесе ұят сезімі де кедергі болуы мүмкін", – деді психолог.

"Жоқ" дегенді қабылдай алмайтындар

Психологтің пікірінше, кей адамдар өз әрекетін ғашықтық деп қабылдап, оның сталкинг екенін аңғармайды. Олар "жоқ" деген жауапты қабылдамай, өз мінез-құлқын басқара алмай қалуы мүмкін. Егер адамның отбасында жеке шекара ұғымы қалыптаспаған болса және ол есейген шағында да өзгелердің шекарасын ескермесе, жағдай одан әрі күрделене түседі.

"Мысалы, ер адам қарым-қатынаста бәрі жақсы деп ойлап, өзін жайлы сезінеді. Бірақ әйел қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдайды. Ер адам өзі мұны қаламағандықтан, ажырасуды қабылдай алмай, бұрынғы қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырысады. Соның салдарынан бұрынғы серіктесін қайта-қайта іздеп, мазалауы мүмкін", – деді психолог.

Мұндай жағдайда жеке шекараны нақты белгілеу, қажет болса, физикалық арақашықтық сақтау және психолог көмегіне жүгіну маңызды.

"Ең бастысы, әр адамның өз таңдауын жасауға құқығы бар екенін түсіну керек. Бір кездері бірге болғаны екінші адамның шешімін елемеуге немесе оны қарым-қатынасты жалғастыруға мәжбүрлеуге негіз бола алмайды", – деді Елена Распопова.

"Көмек сұраудан қорықпау керек"

Психологтың айтуынша, сталкингке тап болған адам жақындарына, достарына, ата-анасына, психологқа, учаскелік полиция қызметкеріне немесе полицияға жүгіне алады. Сондай-ақ адвокаттың көмегіне жүгініп, дағдарыс орталықтары мен әлеуметтік қызметтерден қолдау сұрағаны маңызды.

"Кейде адам ұзақ уақыт бойы қысым көріп жүріп, мұндай жағдайға бейімделіп кетуі мүмкін. Яғни өзіне жасалып жатқан әрекеттерді қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды. Сондықтан ең алдымен оның мәселесін байыппен тыңдап, жағдайдың шын мәнінде дұрыс емес екенін түсінуге көмектесетін адам табу маңызды", – деді Елена Распопова.

Қазақстандағы сталкинг құрбандары

Қазақстанда сталкингке қатысты қоғам назарын аударған бірнеше оқиға тіркелді. Солардың бірі – 2026 жылғы 11 қаңтарда Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың оқиғасы. Марқұмның туыстарының айтуынша, қыз бұған дейін бірнеше ай бойы қудалауға ұшыраған. 2025 жылғы қазанда күдікті оны еркінен тыс алып қашқан. 2026 жылғы 13 тамызда сот Шерхан Аймаханды сталкинг, некеге тұруға мәжбүрлеу және аса қатыгездікпен кісі өлтіру баптары бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Нұрайдың оқиғасынан кейін Қызылорда тұрғыны Жазира Қуанышбай да сталкинг құрбаны болғанын жариялады. Оның айтуынша, белгісіз ер адам жарты жылдан астам уақыт бойы соңынан қалмай, үйі мен жұмыс орнының маңында жүрген. Қыз бірнеше рет полиция мен прокуратураға жүгінгенін, қауіпсіздігі үшін жалғыз жүруден қорқатынын айтқан. Кейін бұл іс бойынша ер адамға 25 тәулікке қамау жазасы тағайындалып, жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңге моральдық өтемақы өндіру туралы шешім шықты.

Сталкингке қатысты тағы бір оқиға Петропавлда тіркелді. Жергілікті сотта қаралған іс бойынша ер адам әйелді бір жарым жылдан астам уақыт бойы қудалаған. Ол жәбірленушіні аңдып, үйіне басып кіріп, күш қолданған. Сонымен қатар оған гүл сыйлап, сезімін білдіруді жалғастырған. Басылымдарда жәбірленушінің аты-жөні қауіпсіздік мақсатында өзгертіліп, Ольга деп көрсетілген.

Алматыда да бұрынғы жұбайының қудалауына ұшыраған әйелдің ісі сотқа жетті. Сот материалдарына сәйкес, ер адам қарым-қатынас аяқталғаннан кейін де әйелді аңдып, қайда жүргенін бақылаған, қорқыту сипатындағы хабарламалар жіберген. Сондай-ақ жұмыс орны мен қоғамдық орындарда жанжал шығарған. Әйел қауіпсіздігі үшін тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орнын бірнеше рет ауыстыруға мәжбүр болған. Сот ер адамды 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы шешім қабылдады.

Қызылорда облысының прокуратурасы 2026 жылғы сәуірде сталкинг бойынша үш адамның сотталғанын хабарлады. Олардың бірі тоғыз ай бойы әйелді әлеуметтік желілер арқылы мазалап, жұмыс орны мен үйінің маңында аңдыған. Сот оған да 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындаған.

 

Бұл оқиғалар сталкингтің тек әлеуметтік желідегі мазалаумен шектелмейтінін көрсетеді. Қудалау адамның күнделікті өміріне, психологиялық жағдайына және қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін. Кейбір жағдайларда ол физикалық зорлық-зомбылыққа, тіпті адам өліміне әкелетін аса ауыр қылмыстардың алдында жүреді. Сондықтан жәбірленушілердің өтініштеріне дер кезінде назар аударып, әрбір жағдайды мұқият тексеру маңызды.

Еске сала кетейік, 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деп сотталған Шерхан Аймаханның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Шымкент қаласының апелляциялық соты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

 

Ислам Әден
Сенбі, 31 Қазан, 2026 15:00