Өмір бойына сотталған Шерхан Аймаханның апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалды
21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деп сотталған Шерхан Аймаханның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Шымкент қаласының апелляциялық соты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін сот Шерхан Аймаханды Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп таныған. Атап айтқанда, ол 125-1-бап – "Некеге тұруға мәжбүрлеу", 115-1-бап – "Сталкинг" және 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бойынша сотталған.
Сот үкімімен Аймахан өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жазасын ең қатаң режимдегі мекемеде өтеуге жіберілген. Сонымен қатар одан жәбірленуші тараптың пайдасына 25 миллион теңге моральдық және 5 миллион теңге материалдық өтемақы өндіру белгіленген. Бұдан бөлек, 2 миллион теңге мемлекеттік баж төлеу міндеттелген.

Апелляциялық шағымды сотталған тарап та, жәбірленушілер де берген. Аймаханның қорғаушылары қызды ұрлау эпизоды бойынша әрекеттің құқықтық саралануымен келіспей, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қайта қарауды сұраған.
Жәбірленуші тарап, керісінше, қорғаушының шағымын қанағаттандырмауды талап етті. Сондай-ақ олар 10 миллиард теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы талап қойған.
Апелляциялық сот істі қарап, Шерхан Аймаханға қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Түлкілер неге қала ішіне емін-еркін кіріп, қар барыстары төмен түсті: Зоолог Алматыдағы жағдайды түсіндірді