Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та байланыс жүйесіндегі ақау кесірінен барлық әуежайдан ұшатын рейстер тоқтап қалды

әуежайдағы бойжеткен
Фото: depositphotos.com

АҚШ-та бір күнде елдегі барлық әуежайдан ұшатын рейстер тоқтап қалды. Әуе диспетчерлерінің байланыс жүйесінде ақау шығып, ұшақтар төрт сағаттан астам уақыт көкке көтеріле алмады. Салдарынан 1,5 миллионнан астам жолаушының сапарына кедергі келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ-тағы рейстердің тоқтауына әуе қозғалысын басқаратын ескі жүйедегі техникалық ақау себеп болған. Елдің көлік министрі Шон Даффидің айтуынша, FAA-ның телекоммуникациялық желісі деректердің шамадан тыс көп түсуіне шыдамай, жұмысын тоқтатқан. Ақаудың нақты неден шыққаны әзірге белгісіз.

Оқиға 13 қарашада болған. АҚШ Федералдық авиация басқармасы (FAA) байланыс жүйесіндегі ақауға байланысты елдегі барлық әуежайдан ұшатын рейстерді уақытша тоқтатты. Сол кезде әуеде жүрген ұшақтарға қонуға рұқсат берілгенімен, жаңа рейстердің ұшуына шектеу қойылды.

Рейстер төрт сағаттан астам уақыттан кейін қайта жанданды. Дегенмен АҚШ көлік министрі әуе қатынасының толық қалпына келуіне әлі де уақыт қажет екенін айтты.

Cirium компаниясының есебінше, шектеу кезінде АҚШ әуежайларынан ұшуы тиіс болған рейстер саны шамамен 11 мыңға жеткен. Бұл рейстермен 1,5 миллионнан астам жолаушы сапарға шығуы керек еді.

Бұл жағдай елдегі әуе қозғалысын басқару жүйелерінің ескіргенін тағы бір мәрте көрсетті. АҚШ Есеп палатасының дерегіне сәйкес, тексерілген жүйелердің 75%-дан астамы ескірген немесе кез келген уақытта істен шығуы мүмкін жабдықтармен жұмыс істейді.

АҚШ билігі бұған дейін авиациялық инфрақұрылымды жаңартуға 12,5 миллиард доллар бөлген. Ал қазір әкімшілік осы мақсатқа тағы 30,1 миллиард доллар бөлу туралы Конгреске өтініш жасаған. Қаражаттың бір бөлігі әуе қозғалысын басқару жүйелерін жаңартуға жұмсалмақ.

Айта кетейік, АҚШ-та мұндай жағдай соңғы рет 2023 жылғы қаңтарда болған. Сол кезде техникалық ақау салдарынан 10 мыңнан астам рейстің кестесі бұзылған.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-тың United Airlines компаниясы Қазақстанға рейстер ашуды жоспарлаған еді. Алайда Ресейдің әуе кеңістігін пайдалана алмағандықтан, бұл жоспар әзірге жүзеге аспай тұрғанын айтуда.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 08:55