Дәрігер демалыс күндері түске дейін ұйықтайтындарға ескерту жасады
Демалыс күндері түске дейін ұйықтап, жұмыс аптасында жиналған ұйқының орнын толтыруға тырысатындар бар. Алайда мамандар мұндай әдет ұйқы режимін бұзып, керісінше шаршауды күшейтуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Лента.ру" порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұйқы дәрігері Илья Смирнов толыққанды демалуға кедергі келтіретін әдеттерді атап, ұйқы режимін қалай реттеуге болатынын түсіндірді. Маманның айтуынша, сенбі мен жексенбі күндері түске дейін ұйықтау адамның қалыпты ұйқы режимін бұзады. Соның салдарынан адам өзін шаршаңқы сезініп, жексенбі күні кешке ұйықтап кетуі қиындайды.
Мұндай жағдайға тап болмас үшін дәрігер демалыс күндері әдеттегіден бір сағаттан артық кеш оянбауға кеңес береді.
Егер жұмыс аптасы ауыр өтсе, күндіз аздап ұйықтап алуға болады. Бірақ мұндай тынығу 20 минуттан аспауы керек. Сондай-ақ күндізгі ұйқыны сағат 15:00–16:00-ге дейін аяқтаған дұрыс.
“Тағы бір жиі кездесетін қателік – сериал көру, жұмыс істеу немесе әлеуметтік желілерді қарау үшін ұйқыға жатуды кейінге қалдыру. Таңертең әдеттегі уақытта оянатын адам кеш жатқан сайын ұйқысы қанбай, бұл жағдай біртіндеп созылмалы шаршауға әкелуі мүмкін”, – деді ол.
Маман ұйықтар алдында компьютерлік ойын ойнамауға, мазасыздық тудыратын жаңалықтарды оқымауға және біреумен сөзге келіп, мәселе шешуге тырыспауға кеңес береді. Мұндай әрекеттер миды сергек ұстап, тынығуға кедергі келтіреді.

Сонымен қатар кешкісін шамадан тыс майлы әрі көп тамақ жеу, қатты ашығу және ұйықтар алдында ауыр жаттығулар жасау да ұйқының сапасын төмендетеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерді жұмысқа кешіккені немесе қателік жібергені үшін ақшалай айыппұл сала алмайтыны туралы хабарлаған едік.