Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмысшыға кешігіп, қателескені үшін айыппұл салу заңды ма: Министрлік түсіндірді

жұмысқа кешіккендерге айыппұл сала ма
Фото: magnific.com

Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерді жұмысқа кешіккені немесе қателік жібергені үшін ақшалай айыппұл сала алмайды. Министрлік еңбек тәртібін бұзған жағдайда жұмыс беруші қандай шара қолдана алатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай айыппұлдар Еңбек кодексінде қарастырылмағанын мәлімдеді. 

Еңбек тәртібі бұзылған жағдайда жұмыс беруші Еңбек кодексінің 64-бабында көрсетілген тәртіптік жазалардың бірін ғана қолдана алады. Олар:

  • ескерту;
  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс;
  • заңда көзделген негіздер бойынша еңбек шартын бұзу.

Заңда көрсетілмеген басқа тәртіптік жаза түрлерін қолдануға тыйым салынған.

Мысалы, қызметкер жұмысқа 20 минут кешіксе, жұмыс беруші оған өз бетінше 10 мың теңге айыппұл салып, бұл соманы жалақысынан ұстап қала алмайды.

Сонымен қатар тәртіптік жаза қолданар алдында жұмыс беруші қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Сондай-ақ ол тәртіп бұзушылықтың ауырлығын, сипатын және қандай жағдайда болғанын ескеруі керек.

Министрлік тәртіптік айыппұл мен заңды негізде жалақыдан ақша ұстау екі бөлек нәрсе екенін атап өтті.

Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес, жалақыдан ақша тек заңда көрсетілген негіздер бойынша ұсталады. Ал кейбір жағдайларда қызметкердің жазбаша келісімі қажет.

Еске салсақ, Әлеуметтік желіде баласын балабақшаға орналастырып, жұмысқа шыққан ата-аналар екі ортада үлгере алмай жүргенін айтып шағымданған еді. Қазақстанның Еңбек кодексінде икемді жұмыс кестесін белгілеу тетігі қарастырылған.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 31 Қазан, 2026 14:41