Балабақша мен мектеп уақыты жұмыс кестесіне сай келмесе, не істеу керек? Ата-ананың қандай құқығы бар
Әлеуметтік желіде баласын балабақшаға орналастырып, жұмысқа шыққан ата-аналар екі ортада үлгере алмай жүргенін айтып шағымданды. Олардың сөзінше, жұмыс орны қызметкерді кешкі сағат 18:00-де босатады, ал балабақша баланы одан ертерек алып кетуді талап етеді. Бұл әсіресе, жалғызбасты аналарға ауыр тиіп отыр. Ал Қазақстанның Еңбек кодексінде икемді жұмыс кестесін белгілеу тетігі қарастырылған. Stan.kz тілшісі ата-аналардың қандай құқығы барын және жұмыс берушіден не талап ете алатынын зерделеді.
"Соңғы бір жыл бойы әр артық сағат үшін балабақшаға қосымша ақы төлеумен келемін..."
Өзін жалғызбасты анамын деп таныстырған желі қолданушысы жұмыс кестесі мен балабақша уақытының сәйкес келмеуі күнделікті үрейге айналғанын айтады:
"Жалғызбасты ана болған қиын екен. Неге бізде жұмыс дәл сағат 18:00-де аяқталады? Кешіккен сайын не балабақшаға артық ақша төлеймін, не баламды басқа ата-аналардан "сіз ала тұрыңызшы, бір жарым сағатта жетемін" деп өтінемін. Негізі ол да қауіпті – ол үйде кім бар екенін білмеймін ғой. Бастықтан күнде сұрану да мүмкін емес, бұл жұмысты зорға тапқан едім. Тәрбиешілерді де түсінемін, олар да таңғы 07:00-ден кешкі 18:00-ге дейін шаршайды. Өз отбасы бар. Кейде келіседі, кейде көнбейді. Күнінің 12 сағатын жұмысқа арнағысы келмейді, әрине. Сонда мен не істеуім керек? Жалғызбасты аналар, баланы балабақшаға беріп, жұмыс істеп қалай үлгеріп жүрсіздер?" – деді ол.
"Балам 1-сыныпқа барды. Түскі сағат 12:00-де сабағы бітеді. Ал мен сағат 18:00-ге дейін жұмыстамын..."
Тағы бір желі қолданушысы – бастауыш сыныпта баласы бар жұмысшы ана. Оны бір жағынан тұрмыстың тауқыметі жұмысқа итермелесе, екінші жағынан мектепке жаңа барған баланың жағдайы аяққа тұсау болып отыр.
"Балам 1-сыныпқа көшті. Мектептегі сабағы түскі сағат 12:00-де аяқталады. Дайындық сабақтары (продленка) мектепте жоқ, ал жекеменшік дайындық сабақтарына ай сайын 60-70 мың теңге төлеуге жалақым жетпейді. Түскі үзіліс сағат 13:00-де басталады, оған дейін балам мектептің алдында немесе сыныпта жалғыз отырады. Күнде сағат 12:00-де жұмыстан жасырын сытылып шығып, баланы үйге жеткізіп, қайта жүгіріп жұмысқа келемін. Осы үшін бастықтан бірнеше рет сөгіс алдым, тіпті "жұмыстан шығасың" деп сес көрсетіп отыр. Түскі үзілісімді 12:00-ге жылжытып беріңізші десем, компанияның ішкі тәртібі бойынша бәріне үзіліс бірдей дейді. Ал күйеуім жұмыстан кешкі 8-де келеді. Не істерімді білмеймін. 6-7 жасар баланы үйге жалғыз бекітіп кетудің өзі қауіпті. Бізде неге бастықтар қызметкердің отбасылық жағдайына икемделмейді" – деді ол ашына.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы не дейді?
2025 жылғы 29 шілдеде Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Абулхатиннің ата-аналарға икемді жұмыс кестесін қолдану туралы түсініктемесін жариялады. Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ол баласын мектепке немесе балабақшаға апаратын ата-аналардың жұмысқа кешірек келіп, жұмыс күнін де кеш аяқтай алатынын айтқан.
"Оқу жылы басталған кезде баласын мектепке немесе балабақшаға апаратын әкелер мен аналар икемді жұмыс режиміне көшеді. Олар жұмыс кестесін өздері белгілейді және 9:30–10:00 шамасында жұмысқа келе алады. Бұл арнайы заң тетіктерінде қарастырылған. Сәйкесінше, кейінірек кетеді", – деген Ерболат Абулхатин.
Еңбек кодексінің 74-бабында қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 74-бабында икемді жұмыс уақыты режимі қарастырылған. Бұл норма қызметкердің әлеуметтік-тұрмыстық және жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіруге мүмкіндік береді.
Икемді жұмыс режимі кезінде:
- жұмыс уақытының белгіленген бөлігі айқындалады;
- қызметкердің жұмыс уақытын икемді ұйымдастыру тәртібі белгіленеді;
- есептік кезеңдегі жұмыс сағаттарының тиісті нормасы сақталады.
Икемді жұмыс кестесінің шарттары жұмыс берушінің актісінде, еңбек шартында немесе ұжымдық шартта бекітіледі. Есептік кезең алты айдан аспауға тиіс.
Мысалы, қызметкер әдетте таңғы сағат 9:00-де жұмысқа келіп, кешкі 18:00-де кетеді делік. Баласын балабақшаға апару үшін оған жұмысын 10:00-де бастаған ыңғайлы болуы мүмкін. Бұл жағдайда жұмыс күнінің аяқталу уақыты да тиісті тәртіппен өзгертілуі ықтимал.
Алайда мұндай өзгеріс автоматты түрде күшіне енбейді. Қызметкер жұмыс берушімен келісіп, жаңа кестені ресми түрде бекіткені жөн.
Маңыздысы: икемді жұмыс кестесі міндетті түрде жұмыс күнін қысқарту дегенді білдірмейді. Кей жағдайда қызметкер жұмысының уақытын өзгертіп, жұмыс сағатының белгіленген нормасын сақтайды.

Баласы үш жасқа толмаған ата-ананың құқығы қандай?
Еңбек кодексінің 70-бабы толық емес жұмыс уақытын белгілеу тәртібін реттейді. Оның 3-тармағына сәйкес, жұмыс беруші жүкті әйелдің, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың бірінің немесе бала асырап алушының жазбаша өтініші бойынша толық емес жұмыс уақыты режимін белгілеуге міндетті. Медициналық қорытынды бойынша науқас отбасы мүшесіне күтім жасайтын қызметкерлерге де осындай құқық беріледі.
Толық емес жұмыс уақытының бірнеше түрі бар:
- күнделікті жұмыс уақытын қысқарту;
- жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын азайту;
- күнделікті жұмыс уақытын да, апталық жұмыс күндерінің санын да қысқарту.
Егер қызметкер толық емес жұмыс уақытына көшсе, жалақысы нақты жұмыс істеген уақытқа немесе орындалған жұмыс көлеміне қарай есептеледі. Бірақ бұл оның жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын, еңбек өтілін есептеуді және заңда көзделген басқа еңбек құқықтарын шектеуге негіз болмайды.
Баласы үш жастан асқан ата-аналар не істей алады?
Егер бала үш жастан асса және балабақшаға барса, ата-ананың жұмыс уақытын міндетті түрде қысқартуды талап ету құқығы Еңбек кодексінің 74-бабына сүйеніп, жұмыс берушіге икемді жұмыс кестесін белгілеу туралы ұсыныс жасай алады.
Мысалы, ата-ана:
- жұмысын ертерек бастап, ертерек аяқтауды;
- жұмысын кешірек бастап, кешірек аяқтауды;
- қызметіне қарай жұмыс уақытын басқа тәртіппен ұйымдастыруды ұсына алады.
Ал жұмыс беруші икемді кестеге келіссе, оның шарттары ауызша келісіммен ғана шектелмей, тиісті құжаттарда бекітіледі.
Жалғызбасты және мүгедектігі бар баласы бар ата-аналарға қандай кепілдіктер қарастырылған?
Баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін заңда қосымша кепілдіктер қарастырылған. ҚР Еңбек кодексінің 54-бабы 2-тармағына сәйкес, жұмыс берушінің бастамасымен 14 жасқа дейінгі баланы немесе 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-анамен еңбек шартын бұзуға тыйым салынады. Бұл шектеу штат немесе қызметкерлер саны қысқарған жағдайға да тікелей қатысты. Яғни заң бойынша мұндай санаттағы ата-аналарды жұмыс беруші жұмыстан шығара алмайды.

Түнгі жұмысқа қатысты да арнайы талаптар бар. Еңбек кодексінің 76-бабына сәйкес, жеті жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді және жеті жасқа дейінгі балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа адамдарды жазбаша келісімінсіз түнгі жұмысқа тартуға болмайды.
Бұл кепілдік жұмыс кестесін икемдеу мәселесінен бөлек реттеледі. Яғни баланы балабақшадан алып кетуге үлгермеу, түнгі жұмысқа тарту және штат қысқарған кездегі жұмыстан босату – заңда әртүрлі тәртіппен қарастырылатын мәселелер.
Қосымша жұмыс пен іссапарға қатысты қандай талаптар бар?
Еңбек кодексінің 77-бабында қосымша жұмысқа тартудың жалпы тәртібі белгіленген. Әдетте, қосымша жұмысқа қызметкердің жазбаша келісімі қажет, заңда көрсетілген ерекше жағдайлар бұған кірмейді. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа қатысты талаптар 85-бапта қарастырылған. Мұнда да жұмыскердің келісімі мен жұмыс берушінің актісіне қатысты нормалар бар, бірақ заңда ерекшеліктер көзделген.
Ал іссапар мәселесін реттейтін 127-бапқа қатысты барлық ата-анаға бірдей тыйым салынған деп айтуға болмайды. Баласы бар қызметкердің іссапардан бас тарту құқығы заңда көрсетілген нақты жағдайларға, соның ішінде баланың жасына және тұрақты күтімге қатысты медициналық негіздерге байланысты қарастырылған.
Жұмыс берушіге өтінішті қалай жазу керек?
Егер қызметкер баласын балабақшаға апару немесе алып кету үшін жұмыс кестесін өзгерткісі келсе, алдымен жұмыс берушіге жазбаша өтініш бергені дұрыс.
Өтініште:
- Қазіргі жұмыс кестесін көрсету;
- Қандай кестеге көшкісі келетінін жазу;
- Өзгерістің себебін түсіндіру;
- Жаңа режимді қай күннен бастап және қандай мерзімге қолдануды сұрайтынын көрсету керек.
Қажет құжаттар:
- Өтініш;
- Баланың туу туралы куәлігі;
- Мектептен немесе балабақшадан анықтама.
Егер қызметкердің заңда көзделген құқығы бұзылды деп есептесе, ол аумақтық еңбек инспекциясына жүгініп, мәселені қайта қарай алады.
Заңгер не дейді?
Заңгер Берік Сайлаубек балалары бар ата-аналардың жұмыс кестесіне өзіне лайықтап икемдеуге мүмкіндігі барын айтты.
"Егер балабақшаға баратын не мектеп жастағы балалары болса, одан бөлек әлеуметтік осал санатқа жатса, Еңбек кодексінің 70-бабы 3-тармағы, 54-бабы 2-тармағы, 76, 77 және 127 баптар жұмыскер ата-ананың жағыңызда. Олар жұмыс берушіге толық емес жұмыс уақытын (күнделікті сағатты немесе апталық күн санын қысқартуды) сұрап, жазбаша өтініш береді. Жұмыс беруші мұны орындауға заңды түрде міндетті, оның бас тартуға құқығы жоқ. Ескеретін жайт: жалақы істеген сағатыңызға қарай төленеді, бірақ бұл сіздің демалыс күндеріңіз бен еңбек өтіліңізді, сыйақыларыңызды қысқартпайды", – деді ол.
Қорыта айтқанда, баласын балабақшаға апаратын ата-ана жұмыс кестесін өзгерту мүмкіндігін жұмыс берушімен талқылай алады. Ал баласы бар ата-ананың біріне толық емес жұмыс уақытын белгілеу туралы арнайы заңдық кепілдік бар. Ең бастысы — жұмыс кестесін өзгерту туралы өтінішті ресми рәсімдеп, тараптардың құқықтары мен міндеттерін нақтылау.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда бала туу көрсеткіші азайғаны туралы жазған едік. 2021–2025 жылдары Қазақстанның 20 өңірінің бәрінде туу көрсеткіші төмендеген. Ең аз төмендеу Астана мен Алматыда байқалса, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында көрсеткіш шамамен үштен бірге азайған.
Абай облысында 180 миллиард теңге жұмсалған жол үгітіліп жатыр