Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарттық дағдарысы: Жасы ұлғайған адамдар өмірге қызығушылығын жоғалмас үшін не істеу керек

Зейнеткер кілт үй
Фото: magnific.com

Қартайған шақта зейнетке шығу, денсаулықтың нашарлауы немесе жақындарынан айырылу адамның психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Соның салдарынан кейбірі жалғыздықты сезініп, өмірге деген қызығушылығын жоғалтады. Психолог бұл кезеңді жеңіл өткеруге көмектесетін жеті кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Доктор Питер" порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Психолог Инна Хамитованың айтуынша, мұндай кезде адам өзін жалғыз сезініп, болашағына алаңдауы және өзгелерге қажетсізбін деп ойлауы мүмкін.

Дағдарыстың белгілеріне немқұрайлылық, ашушаңдық, ұйқының бұзылуы, тәбеттің төмендеуі, бұрын ұнатқан істеріне қызығушылықтың жоғалуы және зейін қою қиындығы жатады. Психолог бұл кезеңді жеңіл өткеруге көмектесетін мынадай жеті кеңес ұсынды:

1. Денсаулыққа көңіл бөлу. Дәрігерге тұрақты түрде қаралып, дұрыс тамақтанып, дене белсенділігін сақтау маңызды.

2. Адамдармен араласуды тоқтатпау. Туыстармен және достармен байланысты үзбей, қоғамдық іс-шараларға қатысып, еріктілікпен айналысуға болады.

3. Жаңа қызығушылықтар табу. Шет тілдерін үйрену, шығармашылықпен айналысу, кітап оқу немесе бұрын жасап көрмеген істерді байқап көру пайдалы.

4. Есте сақтау қабілеті мен ойлауды жаттықтыру. Сөзжұмбақ шешу, шахмат ойнау, түрлі басқатырғыштарды құрастыру және оқу курстарына қатысу мидың белсенділігін сақтауға көмектеседі.

5. Көмектен бас тартпау. Қажет болған жағдайда жақындарынан, медицина қызметкерлерінен немесе күтім мамандарынан қолдау сұраған жөн.

6. Өмірлік тәжірибемен бөлісу. Естеліктерін жазып, білгенін кейінгі ұрпаққа үйретіп, қоғамға пайдалы жобаларға қатысуға болады.

7. Эмоциялық жағдайды бақылау. Босаңсу әдістерін қолданып, жағымды оқиғаларды жиі еске алып, қажет болса психологқа жүгінген дұрыс.

Психологтың айтуынша, қарттық кезең міндетті түрде өмірге деген қызығушылықтың жоғалуымен қатар жүрмейді. Дене мен ой белсенділігін сақтау, жақындармен араласу және жаңа қызығушылықтар табу адамның эмоционалдық саулығын қолдауға көмектеседі.

Маман адамның психологиялық жағдайындағы өзгерістерді елеусіз қалдырмауға шақырады. Егер екі аптадан ұзақ уақыт бойы көңіл күйі болмай, күнделікті тіршілігіне зауқы соқпаса, есте сақтау қабілеті нашарласа немесе өмірден түңілу ойлары пайда болса, дәрігерге қаралған жөн.

Еске салсақ, Қазақстанда зейнеткерлерге қандай жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек берілетіні туралы жазған едік. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 31 Қазан, 2026 15:31