Қазақстанда зейнеткерлерге қандай жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек беріледі
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күні зейнеткерлерге қаржылай көмек беріле ме? Кімдер 30 мың теңгеден астам әлеуметтік көмек ала алады? Қарттар шипажайға жеңілдікпен қалай барады? Коммуналдық төлемі қымбаттап, дәрі-дәрмегі қалтасына салмақ түсірген егде жастағы адамдарға қандай қолдау бар? Stan.kz қарттарға қажет жеңілдіктер мен әлеуметтік көмекті зерттеді.
Жыл сайын 1 қазан келгенде зейнеткерлерге берілетін жеңілдіктер мен төлемдер туралы сұрақ көбейеді. Бірі мерекеге орай қаржылай қолдау беріле ме деп білгісі келсе, енді бірі шипажайға қалай жолдама алуға болатынын сұрайды. Алайда бұл көмектің бәрі бір күнге ғана байланып тұрған жоқ. Кейбірі жыл бойы көрсетілсе, енді бірі адамның табысы мен әлеуметтік жағдайына қарай тағайындалады.
Қарттар күніне орай қаржылай қолдау көрсетіле ме?
1 қазанға байланысты Қазақстандағы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде берілетін республикалық төлем жоқ. Мұндай көмекті жергілікті әкімдіктер өз өңіріндегі әлеуметтік жағдайға қарай белгілейді.
Сондықтан "Қарттар күні барлық зейнеткердің есепшотына ақша түседі" деген түсінік дұрыс емес. Қай жерде кімге және қанша көлемде көмек берілетіні жергілікті шешімдерге байланысты.
Алматыда жасы бойынша зейнеткерлерге 7 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылған. 2026 жылы бұл – 30 275 теңге.
Алайда бұл қаржы барлық зейнеткерге бірдей берілмейді. Мұнда адамның табысы мен отбасының жағдайы ескеріледі. Негізгі өлшемдердің бірі – жан басына шаққандағы орташа табыс.
2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болса, оның үш еселенген мөлшері 152 553 теңгеге тең.
Демек, сөз тек зейнетақының көлемі туралы емес. Әлеуметтік көмек тағайындалғанда отбасының жалпы кірісі де назарға алынады. Яғни, үйге тіркелген әр адамның табысы есепке алынады.
Шипажайға кімдер жеңілдікпен бара алады?
Алматыда жасы бойынша зейнеткерлердің жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген шектен аспаса, шипажайға жеңілдікпен жолдама алуға болады. 2026 жылы Алматыда санаторий-курорттық мекемелерге 3 899 жолдама беру жоспарланған. Зейнеткерлер Алматыдағы "Аққайың", "Демалыс-К", Сарыағаштағы "Ақжайық", "Береке-7", сондай-ақ Түркістан облысындағы "Сапа" секілді шипажайларға бара алады. Емделу мерзімі жылына бір рет, 12 күнге дейін белгіленген. Зейнеткер тек алдын ала пойыз билетін ғана төлейді. Егер зейнеткер жалғыз өзі шипажайға бара алмаса, 12-13 күндік жолдаманы 2 адамға 6 күннен бөлу қарастырылған.
Жолдама алу үшін қандай құжат керек?
Шипажайға барғысы келетін зейнеткер тұрғылықты жеріндегі аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш береді.
Құжаттардың қатарында:
* соңғы үш айдағы зейнетақы немесе жәрдемақы туралы анықтама;
* санаторий-курорттық ем алуға арналған №068 нысандағы медициналық құжат;
* Қазақстан бойынша мүліктің бар-жоғы туралы анықтама;
* банктегі 20 таңбалы есепшот нөмірі бар.
Мүлік туралы анықтаманың жарамдылық мерзімі де ескеріледі. Ол 10 күннен аспауы керек.
Коммуналдық төлемді төлеу қиындаса, не істеу керек?
Зейнетақысы күнкөрісіне әрең жететін қарт үшін қыс келгенде жылу, су, жарық секілді төлемдердің салмағы сезіле түседі. Осындай жағдайда тұрғын үй көмегіне жүгінуге болады. Бұл көмек тұрғын үйді күтіп ұстау мен коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығынның бір бөлігін өтеуге бағытталған. Алматыда тұрғын үй көмегін есептегенде отбасының осы мақсаттарға жұмсайтын шығынына белгіленген шек қолданылады. Талапқа сай келген жағдайда шығынның белгілі бір бөлігі өтелуі мүмкін.
Мұнда да азаматтың тек зейнеткер болуы жеткіліксіз. Отбасының табысы мен тұрғын үй жағдайы есепке алынады.
Өтінішті eGov арқылы немесе ХҚКО-ға барып беруге болады.
Дәрі-дәрмекке жеңілдік бар ма?
Жасы ұлғайған сайын дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаражат та көбейеді. Бірақ зейнеткер атанған әр адам барлық дәріні тегін алады деген тәртіп жоқ.
Белгілі бір созылмалы аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрған азаматтарға ТМККК немесе МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмек тегін немесе жеңілдікпен берілуі мүмкін.
Мұндай көмекке іліккен адам алдымен тіркелген емханасына барып, учаскелік дәрігерден қажетті препараттың жеңілдікпен берілетін тізімге кіретінін анықтауы керек.
Сондықтан қымбат дәріні өз қаражатына алып жүрген қарттарға бұл мәселені емханадан бір тексертіп алған артық емес.
Қоғамдық көлікпен жүруде жеңілдіктер қарастырылған ба?
Күнделікті қоғамдық көлікпен жүріге де жеңілдік қарастырылған.
Алматыда жасына байланысты зейнеткерлер қоғамдық көлікте 50 пайыздық жеңілдікпен жүре алады. Ал 75 жастан асқан зейнеткерлерге тегін жүру құқығы берілген.
Бұл жеңілдікті пайдалану үшін тиісті көлік картасын рәсімдеу қажет.
Яғни жұмысқа, емханаға немесе басқа шаруамен қала ішінде қатынайтын қарт адамның жол шығынын да азайтуға болады.
Зейнеткерлер бос уақытын қалай тиімді өткізе алады?
Қарт адамның өмірі зейнетке шыққан соң үйдің төрт қабырғасымен шектелмеуі керек. Алматыда егде жастағы азаматтарға арналған Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары осы мақсатта жұмыс істейді.
Онда зейнеткерлер дене шынықтырып қана қоймай, жаңа нәрсе үйренуге де мүмкіндік алады. Йога, емдік дене шынықтыру, шет тілдері, компьютерлік сауаттылық сияқты сабақтар ұйымдастырылады.
2026 жылғы мәлімет бойынша бұл орталықтарға 10,8 мыңнан астам зейнеткер тіркелген.
Қарттар айлығы кезінде Алматыда театрлар мен музейлерге бару, экскурсиялар, заңгерлік кеңес, қаржылық сауаттылық сабақтары секілді түрлі шаралар да өткізіледі.
Қандай көмекке құқығы бар екенін білмейтін зейнеткер тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, қажет болса, 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады.
Қарттық – адамның қоғамнан шет қалатын шағы емес. Керісінше, ғұмыр бойы төккен тердің өтеуін көріп, денсаулығына көңіл бөліп, уақытын өз қалауынша өткізетін кезең.
"Өмірді жасқа қарап шектемеу керек": 73 жастағы қазақстандық зейнеткер шпагатқа отырып, басымен тұрады
