Дәрігер балалардың жасына қарай экран алдында қанша уақыт отыруға болатынын айтты
Офтальмолог Ада Егорова екі жасқа дейінгі балаларға экран алдында отыруға мүлде болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, бұл кезеңде баланың көру жүйесі әлі қалыптасып жатады. Сондықтан балаға жалпақ экрандағы бейнеден гөрі әртүрлі қашықтықта орналасқан көлемді заттарға қарауы маңызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі RT басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Маман балалардың жасына қарай экран алдында өткізетін уақытына қатысты мынадай ұсыныстар берді:
- 2-5 жас: күніне бір сағаттан аспауы керек. Экран уақытын 10-15 минуттық бөліктерге бөлген жөн.
- 6-12 жас: теледидар, компьютер және басқа құрылғыларды қоса алғанда, күніне шамамен екі сағат.
- Жасөспірімдер: нақты шектеу жоқ, бірақ сабаққа қажет уақыттан бөлек, жеке мақсатта экран алдында өткізетін уақытты күніне екі-үш сағатпен шектеген дұрыс.
Егорованың сөзінше, экран алдында күніне бір сағаттан артық отыра бастағанда, жақыннан көргіштік қаупі артуы мүмкін. Әр қосымша сағат бұл қауіпті шамамен 20%-ға арттырады. Дәрігер уақытты қолмен есептеудің қажеті жоқ екенін, қазіргі смартфондарда экран уақытын бақылайтын функция бар екенін атап өтті.
Маманның айтуынша, экранға бір сағат бойы үзіліссіз қарау көзді 20 минуттан үш рет қарағанға қарағанда көбірек шаршатады. Сондықтан әр 20 минут сайын үзіліс жасап, кемінде 20 секунд бойы алыстағы заттарға қараған жөн.
Дәрігер қараңғы бөлмеде экранға қарау, жатып оқу немесе қозғалыстағы көлікте кітап оқу көзді тезірек шаршататынын да ескертті. Сондықтан бөлмеде жарық қосулы болуы керек. Сондай-ақ ұйқыға жатардан бір сағат бұрын гаджеттерді пайдалануды тоқтатқан дұрыс.
Офтальмолог баланы тыныштандыру үшін телефонды жиі бере беру экран уақытын шектеуді қиындататынын айтты. Оның пікірінше, күн сайын экран алдында өткізетін минуттар үшін дауласа бергенше, балаға алдын ала ортақ ережелерді түсіндіріп, сол тәртіпті тұрақты ұстанған тиімді.
"Мінбердегі тартыс 7 сағатқа созылды": Нұрлан Оразалин Егемендік декларациясының қалай қабылданғанын айтып берді