Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Парсы шығанағы елдері БҰҰ-дан Иранды шығынды өтеуге міндеттеуді талап етті

Парсы шығанағы елдері Иран
Фото: ТАСС

Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен Иранды зымыран соққылары мен ұшқышсыз ұшатын аппараттардың шабуылдары салдарынан аймақтағы елдерге келген шығынды өтеуге міндеттеуді талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұйымның бас хатшысы Джасем Мұхаммед әл-Будайви БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен халықаралық қауымдастықты осы шабуылдарға кінәлілерді жауапқа тартуға және Иранды келтірілген шығынды өтеуге міндеттеуге шақырды.

Ұйымның мәліметінше, 28 ақпаннан бері Иран Парсы шығанағындағы араб мемлекеттеріне 7 мыңнан астам зымыран мен ұшқышсыз ұшу аппаратын ұшырған.

Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Тегеранмен қарым-қатынасты реттеудің болашағы туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, Иранмен жасалатын кез келген келісімде Парсы шығанағындағы араб монархияларының қауіпсіздік мүдделері ескерілуі керек.

“Ең алдымен Иранның ядролық бағдарламасы, баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеуі, сондай-ақ аймақтағы қарулы топтарды қолдауы назарға алынуы керек”, – деді Джасем Мұхаммед әл-Будайви.

Сондай-ақ ол Парсы шығанағы елдерінің аймақ қауіпсіздігіне қатысты кез келген халықаралық келіссөзге тікелей қатысуы қажет екенін де ерекше атап өтті.

Бұған дейін АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы туралы айтқан адамға миллиондаған доллар сыйақы беретінін мәлімдеді. АҚШ Мемлекеттік департаменті “Әділдік үшін сыйақы” (Rewards for Justice, RFJ) бағдарламасы аясында Иранның ядролық нысандары, жабдықтары және осы бағдарламаға қатысы бар мамандар туралы құнды ақпарат бергендерге 20 миллион долларға (8,9 миллиард теңге) дейін төлеуге дайын. Мұны АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде хабарлады.

Айым Болатқызы
Жексенбі, 15 Қараша, 2026 09:11