Тегеранда АҚШ-тың шабуылына дайын болу үшін ерікті әйелдерге қару ұстауды үйретіп жатыр
Иран астанасы Тегеранда бейбіт тұрғындарды әскери дайындықтан өткізу қалыпты жағдайға айналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ әскері Иран аумағына құрлықтан басып кіруі мүмкін деген қауіп бар. Осыған байланысты елде тұрғындарды әскери жағдайға дайындауға бағытталған "Джанфада" ("Өзін құрбан етуге дайын") атты ауқымды науқан басталды.
Әйел еріктілерге арналған негізгі оқу-жаттығу орындарының бірі Тегеранның орталығындағы Азади алаңында ұйымдастырылған.
Дәстүрлі чадра киген ирандық әйелдер атыс қаруын қолдануды үйреніп, қала жағдайында әрекет етуге арналған бастапқы тактикалық дайындықтан өтіп жатыр.
Орталықтың ашылу салтанаты 10 қараша, сейсенбі күні бір топ әйелдің қатысуымен өтті. IRNA агенттігінің мәліметінше, орталық әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың елдің әлеуметтік және қорғаныс жүйесіндегі рөлін нығайтуды көздейді. Мұнда әйелдерге арналған арнайы бағдарламалар, оқу курстары мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Бұған дейін АҚШ Иранның ядролық бағдарламасын тоқтатуға көмектесетін ақпарат үшін 20 миллион долларға дейін сыйақы жариялаған еді.
АҚШ Мемлекеттік департаменті “Әділдік үшін сыйақы” (Rewards for Justice, RFJ) бағдарламасы аясында Иранның ядролық нысандары, жабдықтары және осы бағдарламаға қатысы бар мамандар туралы құнды ақпарат бергендерге 20 миллион долларға (8,9 миллиард теңге) дейін төлеуге дайын. Мұны АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде хабарлады.
Сонымен қатар ақпарат берген адамдарға басқа елге қоныс аудару мүмкіндігі ұсынылуы мүмкін.
Биыл АҚШ пен Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасады. Бұған Тегеранның ядролық бағдарламасының сипатына қатысты алаңдаушылық себеп болған. Иран билігі болса, атом бағдарламасының бейбіт мақсатты көздейтінін мәлімдеп келеді.
"16 жасымда күштеп ұзатты": Зікірші Исматулланың қарындасы балалық шағындағы қорлықты айтты
