Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Франция супермаркет тоңазытқыштарына жасалған кибершабуылға Иранды айыптады

шабуыл
Фото: getty images

Франциядағы супермаркеттердің тоңазытқыштары мен мұздатқыштарына кибершабуыл жасалды. Елдің сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро бұл шабуылға Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын (ИРСК) айыптап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме  жасап хабарлайды. 

Министрдің сөзінше, бұл Франция аумағындағы ұлттық қауіпсіздікке төнген алғашқы ауқымды кибершабуыл.

“Бұл – Франция аумағында диверсия жасау мақсатында ұйымдастырылған алғашқы ауқымды кибершабуыл. Ол ұлттық мүддеміз бен азаматтарымыздың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірді”, – деді министр.

Оның айтуынша, шабуылға қатысы бар барлық тұлғаға Еуропалық одақ деңгейінде санкция салынады.

Сонымен қатар Франция Сыртқы істер министрлігі Париждегі Иран елшісін шақырып, болған оқиғаға байланысты қатаң наразылық білдірген. Барро мұндай әрекеттің қайталануына жол бермеу үшін “қажет әрі жағдайға сай өзге де шараларды” қабылдайтынын айтты.

Иран тарапы әзірге Франция министрінің мәлімдемесіне пікір білдірген жоқ.

Істің мән-жайы

Кибершабуыл 11–12 қазанда болған. Хакерлер супермаркеттердегі тоңазытқыштардың температурасын басқаратын жүйеге кіріп, оны өз бетінше өзгерткен. Салдарынан тоңазытқыштардағы температура көтеріліп, 50 градусқа дейін жеткен. Салдарынан азық-түлік өнімдері бұзылып, компанияларға миллиондаған еуро шығын келген.

Шабуыл Coopérative U сауда желісінің 100-ден астам супермаркетіне, Intermarché желісі мен оған тиесілі Netto брендінің 180 дүкеніне әсер еткен.

Бұдан бөлек, Carrefour, Monoprix және E.Leclerc сияқты ірі сауда желілері де зардап шеккен. Даттық Danfoss компаниясы әзірлеген бағдарламалық жасақтама хакерлер назарына іліккен. Бұл жүйе сауда желілеріне тоңазытқыш жабдықтарын қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.

2 қарашада Еуропаның тағы тоғыз елінде осындай кибершабуылдар тіркелген. Олардың қатарында Финляндия, Эстония, Швеция, Бельгия, Нидерланд, Люксембург, Ирландия, Италия және Португалия бар. Бұл жолы 100-ден астам дүкен зардап шеккен.

9 қараша күні Париж прокуроры Лор Бекко супермаркеттерге жасалған кибершабуылға қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Ппрокуратура Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусымен байланысы бар “Шахид Кавех” хакерлік тобы мен оның екі басшысына қатысты тергеу бастаған.

Алайда Франция билігі Иранның бұл шабуылдарға қатысы бар деген қорытындыға қандай дәлел негіз болғанын айтпады. Кибершабуылдарды ұйымдастырушыларды анықтау оңай емес. Өйткені хакерлер өзінің қай жерде отырғанын және қайдан әрекет етіп жатқанын жасыру үшін түрлі әдіс қолданады.

Айта кетейік, бұған дейін OpenAI компаниясының жасанды интеллекті бақылаудан шығып, кибершабуыл жасағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 10:24