Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда балалар алаңындағы төбелес: Жанжалға қатысушылардың бірі кәмелетке толмаған болып шықты

Төбелес Түркістан жасөспірім
Фото: Видеодан скрин

Түркістандағы Turan Mall сауда орталығында болған жағдайға байланысты жанжалға қатысушылардың бірі өз шындығын айтты. Ол кәмелетке толмаған болып шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жасөспірім 7 қараша күні болған жағдайды әлеуметтік желіде баяндап берді. Оның сөзінше, ол шабуыл жасамаған, тек қорғандым дейді. 

“Сауда орталығында болған жағдайға байланысты айтқым келіп тұр. Мен кәсіби боксшы емеспін және кәмелет жасқа толмағанмын. Жағдай әйелдің баласының мені балағаттауынан басталды. Анасы келіп маған тағы балағат сөздер айтып жұлқи бастады. Мен жағдайды түсіндірп, кешірім сұрадым. Бірақ мені тыңдаған жоқ. Желіде тараған видео оқиғаның тек соңғы бөлігі. Мен агрессивті әйелден қорғандым. Жағдай басқа біреудің добы сары шашты қыздың баласына тигеннен басталды. Доп тигенсоң кішкентай бала допты мені лақтырды деп ойлап мені боқтады. Бірақ мен оның боқтағанына мән бермедім. Одан кейін сол кішкентай балаға тағы доп тиіп кетпесін деп мен отырған жастықшасын шетке жылжыттым”, – дейді жасөспірім.

Жастықты жылжытқан соң бала жылап, кетіп қалған. Кейін анасы келіп, жасөспірімнің інісін жұлқи бастаған.

“Балама тиіскен сен бе?” депп інімді жұлқылай бастады. Мен барып “Кешіріңіз, сіздің балаңызға ешкім тиіскен жоқ. Ол өзі жылап кетіп қалды” деп түсіндірсем де менің сөзіме  мән бермеді. Керісінше, ол “менің балама неге тиісесің” деп сөйлеп балағаттап мені жұлқылап қоймады. Мен камераны ашып қарауды ұсындым. Ол мені қайта ұстап алып “камерадағы видеоң кәні” деп намысыма тиетін сөздер және балағат сөздер айтып, агрессивті түрде мені жібермей, жарты сағат бойы маған ұрысты”, – деп жазды желі қолданушысы.

Сары шашты әйел жасөспірімнің кеудесінен 5-6 рет нұқып, ұрып жіберетіндей күйде тұрғандықтан, өзінен біршама жас үлкен әйелден қорғандым дейді ол.

Жасөспірімде желіде қолдағандар көп болды. 

“Тиіскен өзі, таяқ жеген өзі. Барлығы әділ”, “Негізі әлеуметтік желіде көбісі сіз жақ екенін білетін шығарсыз? Сіз өзіңіз үшін жауап бердіңіз”, “Бұл әйелдің өзін кәмелет жасына толған қызға бірінші болып шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікке тарту керек”, “Сауап өзіне. Кішкентай екеніңді көріп басынам деп ойлаған шығар”, “Есi дұрыс адам өзінен 2 есе кiшi адамға тиiспейдi. Дұрыс жасадың, әйелге сауап болды аузын, қолын жинап жүретін болады”, “Өзіңіз де әлі баласыз ғой. Жарты сағат бойы жібермей ұстап, болмаған нәрсені болды деп айыптап, қысым көрсетіп, қол көтерген. Оған мұның бәрін жасауға кім рұқсат берді?! Біреу өз баласына тиіссе, жұрт араша түседі. Ал бұл әйел өзіне бөтен балаға тиісіп тұр”, – деп жарыса жазды желідегілер.

Өзінен 15 жас кіші балаға тиіскен әйелдің бұл қылығын негізсіз әрі орынсыз деп санайды желі қолданушылары.

Бұған дейін әлеуметтік желіде балалар ойнайтын алаңда әйелдердің бір-бірімен төбелескен видеосы тараған еді. Видеодан екі әйелдің сөйлесіп тұрғанын, кейін қысқа шашты әйелді екіншісі бірінші болып итергенін көруге болады. Сол сәтте ол оның әрекетіне жауап ретінде жұдырық ала жүгірді.

Болған жағдайды Түркістан облысының полициясы растап, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 09:50