Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Абай облысында заңсыз алтын өндіргендер жерді бүлдіріп, 15 метрлік карьер қазған

алтын өндіру күдіктілер
Фото: Видеодан скрин

Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті прокуратурамен бірлесіп Жарма ауданында алтынды заңсыз өндірген бір топ адамды ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тергеу мәліметінше, күдіктілер Жаңғызтөбе кентінен 10 шақырым жерде тиісті рұқсатсыз алтын өндірген. Олар құрамында алтыны бар кенді ашық әдіспен қазып алып, арнайы жабдықтармен өңдеген.

Тексеру кезінде аумақта тереңдігі 15 метр болатын карьер анықталды. Заңсыз қазылған тау жыныстарының көлемі 12 мың текше метрден асқан. Бұдан бөлек, 4 мың шаршы метрден астам жердің құнарлы топырақ қабаты бүлінген.

Жедел іздестіру шаралары барысында заңсыз өндіріске қатысы бар тоғыз адам анықталды.

Оқиға орнынан кенді шаюға және ұсақтауға арналған жабдықтар, құрамында алтыны бар материал салынған жеті қап, екі металл іздегіш, екі тиегіш пен бір экскаватор тәркіленді.

Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бұған дейін 1,5 миллиард теңгенің алтыны Қазақстаннан шетелге шығарылмақ болғаны туралы жазған едік. Ведомствоның мәліметінше, құрамында алтыны бар кенді шетелге шығару үшін кедендік құжаттарда тауар "мыс кені мен концентраттары" деп көрсетілген. Осылайша,  шикізаттың нақты құрамы жасырылған. Екі күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Соттың санкциясымен серіктестіктің ақша қаражатына тыйым салынды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 10:27