Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда мектеп оқушылары күртемен сабақ оқуға мәжбүр болып отыр

мектеп жылу Ақтау
Фото: Lada.kz

Мұхтар Әуезов атындағы №20 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының ата-аналары оқу орнында жылыту маусымы басталғалы бері жылу жоқ екенін айтып, шағымданды. Олардың сөзінше, балалар сабақ кезінде сырт киімдерін шешпей отыруға мәжбүр. Осы мәселеге қатысты қалалық Білім басқармасы түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ата-аналардың айтуынша, қалада жылу беру маусымы басталғалы мектеп іші жылып көрмеген.

"Балалар ауырып жатыр", – дейді алаңдаулы ата-аналар.

Олар Каспий жылу су арнасына жүгінген, алайда ұйым өкілдері өз тарапынан ешқандай мәселе жоқ екенін айтқан.

Бұдан бөлек, ата-аналарды мектеп аумағындағы жағдай да алаңдатады. Онда жер қазылғанымен, әзірге ешқандай жұмыс жүргізілмей жатыр.

Белгілі болғандай, жылу мәселесі тек №20 мектепте ғана емес, №23 жалпы білім беретін мектепте де туындаған.

Қалалық Білім басқармасының мәліметінше, екі мектеп те оқу жылының басында жылыту маусымына дайындық паспортын алған. Сондай-ақ ғимараттардың ішкі жылу жүйелерінен ешқандай ақау анықталмаған.

Ведомствоның түсіндіруінше, мәселе мектеп ғимараттарына дейін тартылған сыртқы жылу желілері арқылы жылу тасымалдағыштың толық көлемде жеткізілмеуінде.

Қазір Білім басқармасы жауапты ұйымдармен бірлесіп, мәселені шешу жұмыстарын жүргізіп жатыр. №20 және №23 мектептерге жылуды бүгін беру жоспарланған.

Білім басқармасы мектеп әкімшіліктері оқу кабинеттері мен сыныптардағы температураны тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Щучинскідегі "комфорт-кластағы" жап-жаңа үйдің тұрғындары жылусыз отырғаны туралы жазған едік. Үйге жылу ресми түрде берілгенімен, пәтерлер әлі суық. Тұрғындар коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп отырса да, үйді жылыту үшін қосымша электр құрылғыларын пайдалануға мәжбүр. 

Арнайы комиссия жылу дұрыс берілмейтін пәтерлерді аралап, кейбір тұрғындар жөндеу жұмыстары мен қайта жоспарлау кезінде жылыту жүйесін өзгертіп, оның қалыпты жұмысына кедергі келтіруі мүмкін деген қорытындыға келген.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 08:29