Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тауар да, ақша да жоқ": Алматыда кәсіпкерлер 80 миллион теңгеден аса қаржысынан айырылды

жәбірленуші
Фото: Видеодан скрин

Алматыда бірнеше кәсіпкер тауарын ала алмай, алдын ала төлеген ақшасынан айырылғанын айтып, шағымданды. Олар көтерме саудамен айналысатын жеткізушіге миллиондап ақша аударған екен. Десе де тапсырыстары уақытында орындалмаған. Жәбірленушілердің алдын ала есептеуінше, келтірілген шығын көлемі 80 миллион теңгеден асады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Кәсіпкер Диляра Мендеева шілде айында жанармай құюға арналған канистрлерге тапсырыс берген. Ол сатушыны маркетплейстен тауып, кейін онымен байланысқа шыққан. Артынша келісімшарт жасау үшін кеңсесіне барып, 8 миллион теңгеден астам қаражат төлеген. Алайда осы күнге дейін тапсырысын ала алмаған.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл жағдай оның бизнесіне ғана емес, жеке өміріне де кері әсер еткен. Қаржылық қиындық салдарынан сүйіктісімен қарым-қатынасы да бұзылған.

“Бизнес бойынша серіктесім болашақ күйеуім болуы керек еді. Ол маған ұсыныс жасады, бірақ осы жағдайға байланысты үйлене алмадық. Біз оларға өте көп ақша бердік. Бұл қаржылық қарым-қатынасымызға да, жеке өмірімізге де әсер етті”, – деді кәсіпкер Диляра Мендеева.
кәсіпкер
Фото: Видеодан скрин

Осындай жағдайға оқу орталығы да тап болған. Оның басшысының айтуынша, екі жыл бұрын интернеттегі хабарландыру арқылы жеткізуші тауып, 4,5 миллион теңгеге тауар сатып алуға келіскен. Алайда белгіленген мерзімде тапсырыстың жартысы ғана жеткізілген. Қалған бөлігін кейін әкелуге уәде бергенімен, ол міндет орындалмаған.

“Сот отырысы өтіп, біз жәбірленуші деп танылдық. Ал оларға барлығымызға келтірілген шығынды өтеу туралы қаулы шығарылды. Содан бері бір жыл жеті ай өтті. Бірақ әлі күнге дейін ақшамызды да қайтарып алған жоқпыз, жеткізілуі тиіс тауарды да алмадық”, – деді кәсіпкер Владимир Позняков.

Кәсіпкерлер бастапқыда әртүрлі жеткізушімен жұмыс істеген. Кейін олардың бір адамның атына тіркелгенін анықтаған. Бұл компаниялар жаңа жылдық шыршадан бастап спорттық төсеніштерге дейін түрлі тауар ұсынған.

“Наргиз Бахтиярқызына қатысы бар барлық компания бойынша келтірілген шығын көлемі 80 миллион теңгеден асады”, – деді заңгер Ажар Аймағамбетова. 

Жәбірленушілер бірігіп, сотқа жүгінген. Алайда олар оған дейін мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқан. Кәсіпкерлер тапсырыс беріп, миллиондаған теңге аударған кеңсеге ақшаларын қайтаруды талап етіп барған кезде, ғимараттың есігі жабық тұрған.

ғимарат
Фото: Видеодан скрин

Ал сауда компанияларының басшысымен телефон арқылы сөйлескен. 

“Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу бәрін анықтап, оқиғаға объективті баға береді. Содан кейін біз де жауап бере аламыз”, – деді компания басшысы.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, осы уақытқа дейін сегіз адам арыз түсірген. Олар жәбірленуші деп танылған.

“Полицияға сегіз адам арызданды. Олардың барлығы жәбірленуші деп танылды. Қазір жедел және тергеу шараларының кешені жүріп жатыр”, – делінген жауапта. 

Құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанда, кәсіпкерлер аталған жеткізушіден зардап шеккен өзге де адамдарды іздестіріп жатыр. Олардың пайымдауынша, алданып қалғандардың саны әзірге белгілі болған сегіз адамнан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада пәтер аламыз деген 51 адам 3 миллиард теңгеге алданып қалғаны туралы жазған едік. Олардан ақша алған 4 адам сотталған. Олар клиенттерге жалған сатып алу-сату шартын ұсынған. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 08:40