Астанада пәтер аламыз деген 51 адам 3 миллиард теңгеге алданып қалды
Астанада 51 адамды пәтер мен автотұрақ сатамыз деп алдап, 3 миллиард теңгеден астам ақша алған төрт адам сотталды. Олар клиенттерге жалған сатып алу-сату шартын ұсынған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот мәліметінше, іс бойынша 51 адам жәбірленуші деп танылған. Ал Б., Е., Ч. Д. есімді төрт адам айыпталушы ретінде танылған. Сотталушылар пәтерлерді, коммерциялық нысандар мен автотұрақ орындарын сатамыз деген желеумен азаматтардан ақша алған.
“Қаражат олардың жеке шоттарына аударылып, қолма-қол берілген. 51 жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын 3 миллиард теңгеден асты. Сонымен қатар, сотталушылар жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, өздеріне сеніп тапсырылған ақшаны иемденген. Клиенттерден алынған 3 миллиард теңгеден астам қаражат компанияға түспей, соның салдарынан оған да шығын келген”, – делінген хабарламада.
Оларға алаяқтықты ұйымдастырды және алаяқтық жасауға көмектесті деген айып тағылған. Сондай-ақ олар қызметтік жағдайын пайдаланып аса ірі көлемде ақша жымқырды және ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз сатып алып, пайдаланған.
Сотталушылар өз кінәсін мойындамады. Қорғау тарапы оларды ақтауды сұрады. Ал шығыны өтелмеген жәбірленушілер қатаң жаза тағайындауды талап етті.
Сот төрт адамды 8 және 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар оларға 10 жыл бойы жылжымайтын мүлік сатумен байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Үкім 12 тамызда жарияланды. Ол әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Павлодарды "біздікі" деген ресейлік стример Fassoollka жауапқа тартыла ма? Заңгер түсіндірді
